- Негізгі бет
- Денсаулық
- Күн көзінің туберкулезге...
Күн көзінің туберкулезге пайдасы
Туберкулездің жұқпалы да созылмалы ауру екенін білмейтін жан кемде-кем. Оның микробтары майда көрінбейтін, микроскоп арқылы ғана байқауға болатын өте майда тіршілік иелері. Ал микробтармен күресудің керемет бір тәсілі – күн көзі.
Сырқат қоздырғышының жаны өте сірі. Қараңғы, ылғалды, лас бөлмеде бацилла (таяқша) (спора түзе алатын таяқша пішінді келген бактерияның бір түрі) айлап улы-зиянкестік қасиетін сақтай алады. Керісінше күннің көзінде бірнеше сағаттан соң, қайнаған суда немесе дезинфекциялық құралдар қолданғанда бірден жойылып кетеді. Сондықтан ауру адамның төсек-орнын, заттарын күнге шығарып, ең кемі 3 сағат далаға жайып қойған дұрыс. Сырқаттың киім-кешегін жуған кезде оны міндетті түрде қайнатқан дұрыс. Туберкулез таяқшасы әсіресе, өкпе туберкулезінің жұқпалы (ашық) түрімен ауырған адамның қақырығында тым көп болады. Ал бацилла бөлмейтін науқас кісіден ауру жұқпайды. Алайда туберкулездің жабық түрімен ауыратын науқас әрдайым фтизиатр дәрігердің бақылауында болуы қажет. Өйткені ол адам сіл ауырып, көңіл-күйі нашарлап, торықса, күннің инфекцияға қарсыласуы әлсіреп, туберкулездің қайтадан бел алуы мүмкін. Қақырығында бацилла пайда болған науқас дереу ауру таратушыға айналады.
Дерттен қалай сақтануға болады?
Туберкулез микробтары адам тәніне әртүрлі жолмен кіреді. Өкпе құрт ауруымен ауырған адам жөтеліп, түшкіріп, қатты сөйлеп, күлген кездерінде айналасындағы ауаға қақырық тамшыларын шашыратып, зиянды микроб бөледі. Дені сау адамға мұндай ауаны жұту тым қауіпті. Егер бөлмені құрғақ сыпырғышпен сыпырып, шаңды құрғақ шүберекпен сүртсе немесе киім-кешекті, үй ішіндегі дүние-мүлікті қағып-сілкігенде ауаға шашыраған қақырық маңайдағы заттарға, еденге жабысып қалады да, ол шаңмен бірге қайтадан ауаға көтеріледі. Содан аурудың тарауына жағдай жасалады.
Сырқат адам жеке бас гигиенасын дұрыс сақтамаса, қалай болса солай түкіріп, қақырынса, тамағының, темекісінің қалдығын кез келген жерге лақтырып тастаса, онымен бірге тұратын адамдар әсіресе жас балалар туберкулезді тез жұқтырады. Мәселен, еңбектеп жүрген сәби қолын былғап, оны аузына салуы әбден мүмкін. Егер де бала сырқат адаммен бірге жатса, бір сүлгімен сүртінсе, бір ыдыстан тамақ ішсе, оны науқас кісі бағып-қақса, бетінен сүйсе, сөзсіз сәби де осы детке шалдығады. Сонымен қатар ауру малдың сүтін ішкенде де бөбекке бірден дерт жұғады.
Науқас кісінің әркез дәрігердің барша ұсынысын бұлжытпай орындап, ем қабылдағаны жөн. Дер кезінде шара алған жағдайда туберкулезден де жылдам айығып кетуге болады. Себебі бүгінгі медицинаның өкпе құрт ауруына шалдыққандарды емдеп-жазуға құдыреті жетеді.
Н. Үсенова