Біздің денеміздің жылуын реттеуге барлық жүйе мен орган қатысады. Бауыр биохимиялық реакциялардың көмегімен қанды қыздырады. Жүрек қанды айдайды, ал қан жылуды біркелкі таратып, бүкіл денеде айналады. Сыртқы температураға қарай қан тамырлар артық жылуды денеден шығару үшін (жазда) кеңейеді немесе оны жақсырақ сақтап қалу үшін (қыста) тарылады. Бірақ бұл процесс түрлі факторлар мен ауруларға байланысты бұзылып, үнемі тоңып жүрудің себебіне айналуы мүмкін.
Анемия
Қанда гемоглобин деңгейі төмен болса, қан арқылы оттектің ішкі органдар мен тіндерге жетуі тежеледі. Ағза бұл жағдайды ретке келтіруге тырысады, қанағымды күшейту үшін қан тамырлар кеңейеді, яғни өздерін ыстық кездегідей ұстайды. Сәйкесінше, жылу беру күшейеді, дене қажетті "жылу" қорынан айырылып, адам тоңады.
А және Е дәрумендерінің жетіспеушілігі
Рационда А, Е дәрумендері мен пайдалы майлардың жетіспеуі үнемі тоңып жүруге әкелуі мүмкін. Қанды жылытуға жауап беретін бауырдағы биохимиялық процестер теңгерімі бұзылады.
Қалқанша без проблемасы
Ағзадағы энергетикалық процестерді реттеуге, энергия қорын таратуға, соның ішінде жылытуға да қалқанша без жауап береді. Оның қызметі әлсіресе, ағзадағы энергетикалық "салада" бұзылулар орын алып, сапалы жылыту мүмкін емес болады. Тоңғақ болудың гормонды себебін күні бойы аяқтың салқын болып жүруі көрсетуі мүмкін.
Қан тамырлар функциясының бұзылуы
Суық қол немесе аяқ – шеткі капиллярлық қанайналым бұзылуының себебі. Бұл жағдайда жылу соңғы нүктелерге, яғни аяқ-қолға жетпейді. Ол жиі вегетативтік-тамырлы дистониямен байланысты. Оған қоса, адам қатты уайымдаса немесе күйзелсе, тоңып бастайды. Байқасаңыз, қарт кісілер қабат-қабат киім киіп, тоңып жүреді: оған да жиі қан тамырлар функциясының бұзылуы себеп болады.
Тамақ өте аз жеу
Тамақ аз жейтін адамдар күнделікті калория нормасын жинамайды. Сондықтан да олар тоңып жүреді. Ағза энергияны калориядан алады. Егер адам арық болса және оған қоса, ол аз қозғалатын болса, оның дене температурасының өзі төмен болуы әбден мүмкін.
Бірақ бұл толық адамдар тоңбайды деген сөз емес. Жиналып қалған майлы қабат қанағымды тарылтады, содан соң ішкі органдар оттекпен толыққанды қамтамасыз етілмейді. Бұл кемшіліктің орнын толтыру үшін жылу басқа жаққа кетеді де, адам тоңып жүреді.
Диабет
Диабет ауруы да тоңғақтықтың бір себебі бола алады. Бұл ауру кезінде зат алмасуда және жүрек-қан тамырлы жүйеде бұзылыстар пайда болады. Диабеттің бір белгісіне суық аяқ және оның сезімталдығының жоғалуы жатады.
Рейно ауруы
Бұл ауру кезінде аяқ-қолдардың артериялық қанмен қамтамасыз етілуі бұзылады. Кішкене эмоционалды жүктеме кезінде және өте суық немесе жылы температуралар әсері кезінде мұндай адамдарда термореттеуді бұзатын тамырлы түйілу пайда болады.
Қан қысымының төмен болуы
Үнемі қан қысымының төмен болуы суық сезімін шақырады. Оған қан тамырлар тонусының әлсіз болуы себеп.
Қалай жылдам жылынуға болады?
- Жылынғанша, жаттығу жасаңыз;
- Қарама-қарсы (жылы-салқын) душқа түсіңіз;
- Ыстық шай немесе сорпа ішіңіз;
- Рационнан кофе мен алкогольді алып тастаңыз;
- Тәулігіне 2 литр су ішіңіз;
- Үстіңізге қабат-қабат киім кимей-ақ қойыңыз, бастысы, аяқты жылы ұстаңыз;
- Егер денсаулығыңыз көтерсе, жиі моншаға барыңыз;
- Жазда таза ауада көп уақыт өткізіңіз.