Күлкі терапиясы

Қазіргі таңда әлемде гепотология деп аталатын жаңа ғылым пайда болды. Басқа атауы – күлкі терапиясы. Бұл ғылымның кеңінен зерттелетін жөні бар. Себебі, күлкі адам ғұмырының ұзақ болуына ықпал жасап қана қоймай, ағзаға оң пайдасын тигізеді.

Күлкі иммунитетті күшейтеді. Калифорния университетінің ғалымдары күлкінің иммунитетті жақсартып, адам ағзасын қорғайтынын дәлелдеген. Күлген кезде стресс гормондарының деңгейі төмендеп, түрлі вирустарға төтеп беретін Т-лимфоциттерінің көлемі ұлғаяды. Сондай-ақ, ғалымдар күлкі адам ағзасындағы рак клеткаларының пайда болуына жол бермейтіндігін анықтады.

Гепотология ғылымын зерттеп жүрген невролог-дәрігер Уильям Фрайдың айтуы бойынша күлкі тыныс алу жолдарындағы қан тамырларының жұмысын жақсартып, адамды сабырлы болуға итермелейді. Жүзінен күлкі кетпейтін жандар басқаларға қарағанда стресс пен депрессияға сирек шалдығады.


Әрдайым күліп, көңілді жүретін жандардың қабағы қатыңқы жандарға қарағанда жүрек ауруларына ұшырау ықтималдылығы 40%-ға төмен. Күлкі адам ағзасындағы қан айналым жүйесін жақсартады. Адам баласы күлген кезде ағзадағы бұлшықеттері қимылдап, жүрек соққысы ұлғаяды.

Күлкі адам ағзасын тазартады. «Ішек түйілгенше күлу» деген сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Адам күлген кезде оның бұлшықеттері қозғалады. Бұл қозғалыс ішкі құрылыстардың жұмысын жақсартып, ағзадағы зиянды қалдықтардың сыртқа шығуына ықпал етеді.

Сұлу болам десеңіз әрдайым күліп жүріңіз! Кейбір жандар бетіме әжім ерте түсіп кетеді деп көп күлмеуге тырысады. Мұның барлығы бекершілік! Адам күлген кезде оның бет-жүзіндегі қан айналым жүйесі жақсарып, тері қабаттары жұмысарады. Егер де адам баласы үнемі мұңайып жүретін болса, оның бет терісі өз әсемдігін жоғалтады.

Ғалымдардың айтуы бойынша, 40 минут демалыс уақыты 5 минут күлгенмен бірдей. Шаршап-шалдығып, көңіліңіз құлазып жатса, күлуді ұмытпаңыз.

Күлу үшін міндетті түрде комедиялық жанрда түсірілген кино көру немесе көңілді ортада жүрудің қажеті жоқ. Тіпті, жалғыз қалсаңыз, қызықты видео көріп, сатиралық шығармалар оқыңыз. Құрбыңызға хабарласып, оған соңғы рет естіген әзіл-оспаққа толы әңгіме-аңыздарды айтып беріңіз. Ең бастысы, күлкінің денсаулығыңызға тигізер мол пайдасы бар екенін естен шығармаңыз!

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: medvesti.com, stihi.ru

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/tq0fulQIfBM?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});