Құлағы естімейтін жандарға бейне-телефон диспетчер қызметі жобасы көмектеседі. Ақтөбедегі «Қазақ саңыраулар қоғамы» бірлестігінің төрайымы Зинаида Телеушеваның бұл бастамасы әлеуметтік жобалар байқауында топ жарды, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
«Кез келген адам ым-ишара тілін түсінбейді. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар қарапайым адамдар секілді барлық қызметті кедергісіз алуға құқылы. Сондықтан біз осы кедергіні жою мақсатында видео-телефон диспетчерлік қызметін іске қостық. Жоба биыл мемлекеттік қолдауға ие болып, 5 миллион теңге бөлінді. Орталықта 3 аудармашы бар. Олар күні-түні демалыссыз жұмыс істейді. Күніне 5-6, кейде 10 адам телефон шалады. Ендігі мақсатымыз – аудандарды қамту»,- дейді Зинаида Телеушева.
Оның айтуынша, әлеуметтік желілер мен соңғы технологияларды пайдаланатын мемлекеттік, жеке меншік мекемелер скайп қондырса, бұл – смартфоны мен планшеті жоқ сыңыраулар үшін үлкен көмек болары сөзсіз.
Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін арттыруға бағытталған әлеуметтік жобалар байқауы биыл өңірде үшінші рет өтті. Байқауға 7 адам қатысып, мүгедек балаларға қамқорлық жасау, есту қабілеті төмен жандарға көмек берудің нақты жолдары көрсетілді.
«Жарыс қорытындысы бойынша облыстық мүгедектер қоғамының Алға аудандық филиалы екінші орынды жеңіп алды. Үшінші орында – «Ғажайып әлем даму орталығы» жобасын ұсынған «Ғажап» қоғамдық бірлестігі. Жеңімпаз Шымкент қаласында өтетін республикалық байқауға қатысады», - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аман Жекеев.
Дерек көзі: Bnews.kz