Құлағы естімейтін жандарға бейне-телефон диспетчер қызметі көмектеседі

Құлағы естімейтін жандарға бейне-телефон диспетчер қызметі көмектеседі
Фото: ritworld.com

Құлағы естімейтін жандарға бейне-телефон диспетчер қызметі жобасы көмектеседі. Ақтөбедегі «Қазақ саңыраулар қоғамы» бірлестігінің төрайымы Зинаида Телеушеваның бұл бастамасы әлеуметтік жобалар байқауында топ жарды, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

 Еліміз бойынша тек ақтөбелік мүгедектер бейне-телефон диспетчер қызметін пайдаланады. Жобаның авторы – «Қазақ саңыраулар қоғамы» бірлестігінің төрайымы Зинаида Телеушева. Ол Орынбор қаласына арнайы барып, бейне-телефон диспетчерлік қызметінің жұмыс барысымен танысып келді. Өткен жылы қажетті планшет, смартфон сатып алып, арнайы бағдарламаларды іске қосты. Яғни, ым-ишарамен ғана тілдесе алатын жандар жедел жәрдем шақырып, халыққа қызмет көрсету секілді мекемелер арқылы құжат рәсімдесе, диспетчермен бейнебайланысқа шығып, қызмет көрсетушіге ойын нақты жеткізе алады. Бұл бастама бүгін әлеуметтік жобалар байқауында топ жарды.

«Кез келген адам ым-ишара тілін түсінбейді. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар қарапайым адамдар секілді барлық қызметті кедергісіз алуға құқылы. Сондықтан біз осы кедергіні жою мақсатында видео-телефон диспетчерлік қызметін іске қостық. Жоба биыл мемлекеттік қолдауға ие болып, 5 миллион теңге бөлінді. Орталықта 3 аудармашы бар. Олар күні-түні демалыссыз жұмыс істейді. Күніне 5-6, кейде 10 адам телефон шалады. Ендігі мақсатымыз – аудандарды қамту»,- дейді Зинаида Телеушева.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілер мен соңғы технологияларды пайдаланатын мемлекеттік, жеке меншік мекемелер скайп қондырса, бұл – смартфоны мен планшеті жоқ сыңыраулар үшін үлкен көмек болары сөзсіз.

Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін арттыруға бағытталған әлеуметтік жобалар байқауы биыл өңірде үшінші рет өтті. Байқауға 7 адам қатысып, мүгедек балаларға қамқорлық жасау, есту қабілеті төмен жандарға көмек берудің нақты жолдары көрсетілді.

«Жарыс қорытындысы бойынша облыстық мүгедектер қоғамының Алға аудандық филиалы екінші орынды жеңіп алды. Үшінші орында – «Ғажайып әлем даму орталығы» жобасын ұсынған «Ғажап» қоғамдық бірлестігі. Жеңімпаз Шымкент қаласында өтетін республикалық байқауға қатысады», - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аман Жекеев.

Дерек көзі: Bnews.kz 

B. ZHAQSYMBET