Көктемде спортзал, жүзу, фитнеске қоса, күнделікті белсенді болу керек. Ауа-райының өзі қосымша серуен мен қозғалысты талап етіп тұрғандай.
Жылы күндерді қалт жібермей, белсенді болып, қозғалысты денсаулығыңыз бен көңіліңіздің пайдасына жаратыңыз.
Автобуспен жол жүретін болсаңыз, үйге бір аялдама бұрын шығып, серуендеп қайтыңыз. Таксимен не көлікпен жүрсеңіз, үйден алысырақ тоқтап, үйге қарай шамалы жүріп қайтыңыз. Лифт атаулысын ұмытып, баспалдақпен ғана жүріңіз. Дүкендерге жаяу барып қайтыңыз. Үйдегі кішкентайлармен доп, қуаласпақ ойнаңыз. Үйдің ауласына шығып, тартылып, жүгіріп, әткеншекке отырып, балалық шақты еске алыңыз. Теледидар қараған уақытта жатпай, отыру не секіру жаттығуларын жасаңыз. Телефонмен сөйлесу барысында жүріңіз. Айнаның маңынан өткенде бір сәтке қасында тұрып, басты айландыру не иықты көтеріп-түсіру жаттығуларын жасаңыз. Сүйікті әуеніңізді қосыңыз да, билеңіз! Жеңіл көйлек не белдемше киіп билесеңіз тіпті жақсы, осылайша өзіңізді жеңіл, нәзік сезінесіз. Қалаңызда қыс бойы болмаған саябақтарға кіріп, фотосессия жасаңыз.Бастысы, көктемгі апатияға жол бермей, әр уақытта көңілді болыңыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: collegefashion.net