- Негізгі бет
- Денсаулық
- Көз саулығына қажет...
Көз саулығына қажет 3 дәрумен
Біз тәулік бойы қолданатын гаджеттердің көгілдір жарығы, ластанған ауа, температуралар өзгерісі, тұмау маусымы - бұлардың барлығы көз саулығына қауіп төндіреді. Бүкіл ағза секілді көз жағдайы да тамақтануға тікелей байланысты. Көз ауруларының алдын алу үшін мына дәрумендерге мән беріңіз.
А дәрумені
А дәрумені көз саулығын сақтауға қажет. Өнімдерде оның әртүрлі түрі болады. Мысалы, ретинолды жануар өнімдерінен алады. Оларға мыналар жатады:
- ет;
- майлы балықтар: албырт, майшабақ;
- сүт өнімдері: ірімшік, кілегей майы;
- жұмыртқа;
Ал А дәруменің өсімдік көздеріне қызғылт-сары түсті көкөністер мен жемістер, мысалы, сәбіз, тәтті картоп, қауынның кей түрлері, манго жатады. Олардың құрамындағы каротиноидтар ағзаға түскен кезде А дәруменіне айналады. Сондай-ақ бұл элементтер брокколиде, жапырақты көкөністерде, болгар бұрышында болады.
С дәрумені
Көптеген ғылыми зерттеулер әртүрлі аурулармен, соның ішінде көз ауруларымен күресудегі С дәруменінің маңызды рөлін дәлелдеген. С дәрумені жасушаларды тотығудан қорғайды, көз торы қабығының зақымдануының алдын алады және офтальмологиялық патологиялардың даму қаупін азайтады. С дәрумені жетіспесе, көру нашарлайды, жұқпалар мен қауіпті аурулар қаупі артады. Оны болдырмас үшін "дұрыс" өнімдер жау арқылы ағза қорын толықтыру керек.
С дәрумені орамжапырақ, қарақат, итмұрын, лимон, апельсин, алма және болгар бұрышында болады.
Е дәрумені
Е дәрумені - күшті антиоксиданттардың бірі. Ол зәйтүн және жүгері майында көп болады. Сондай-ақ Е дәрумені авокадо, грек жаңғағы, бадам жаңғағы, шемешкі және асжапырақта болады.
Егер толыққанды тамақтануға мүмкіндік болмаса, дәрумендік жинақ ішу ұсынылады. Алайда қандай дәрумендер ішу керегін тек дәрігер айту керек. Сонымен қатар, демалуды және көзге арналған гимнастика жасауды ұмытпаңыз.
Терапевт неліктен "БАД"-ты дәрігер кеңесінсіз ішуге болмайтынын айтты.
А. Жапатова