Көздің қызаруы жиі кездесетін жағдай. Ол көздің ағында бірнеше алқызыл немесе қызыл сызықтар тұрған секілді көрінеді, ал кейде көздің ағы түгелдей қызылға боялады. Көз неліктен олай қызарады?
1. Құрғақ көз синдромы
Көз қызаруының жиі кездесетін себебі — құрғақ көз синдромы. Ол көздің ылғалдануына табиғи жастың жетіспеуінен болады. Бұл жағдай құрғақтық және көздің ішіне құм түсіп кеткендей сезім тудырады. Бұл белгілерді үнемі немесе әлсін-әлсін сезінуіңіз мүмкін. Ол ұзақ жұмыс күнінен соң ұлғаяды да, ұйқыдан тұрған соң сәл азаяды.
Бұл жағдайда көз қызаруының алдын алу үшін көз құрғақтығымен күресу керек. Егер оның себебі қоршаған орта болса, онда қорғаныш көзілдіріктері немесе ауа ылғалдандырғыштар пайдалы болады. Егер көзіңізге линза тағатын болсаңыз, оны уақытында ауыстырып тұру маңызды. Көзіңіз құрғақ көз синдромы себебінен қызарған болса, оны кетіруге ылғалдандырғыш көз тамшылары көмектеседі. Мұндай көз тамшылары рецептісіз дәріханаларда сатылады, дегенмен, оны қолданарда көз дәрігерімен кеңескен жөн.
2. Конъюнктивит
Көздің алқызыл реңкі конъюнктивитті, яғни көздің алдыңғы бөлігін қаптайтын мөлдір қабаттың инфекциясын немесе қабынуын білдіруі мүмкін. Ол аллергия, бактерия, вирус немесе улы заттар себебінен пайда болады. Иммунды жүйе жұқпаға немесе тітіркендіргіштерге осылай қабыну арқылы жауап береді.
Конъюнктивиттің пайда болу себебін анықтау үшін және дұрыс ем қабылдау үшін уақытында дәрігерге қаралу маңызды.
3. Блефарит
Блефарит деп қабақтың қабынып, ісуін айтады. Көбіне ол созылмалы түрге айналады. Бұл жағдайды жеңілдету үшін мына әдістерді қолданады:
- Қабаққа жылы компрестер қою;
- Құрамында омега-3 май қышқылдары бар құралдар ішу. Ол қабақ бездерінің жұмысын ынталандырады және қабынуға қарсы әсерге ие;
- Жиі көзді жыпылықтататын жаттығу жасау;
- Оның ұлғайған түрінде дәрігер ұсынған дәрілерді ішу;
4. Увеит
Увеит — көздің тамырлы қабығының қабынуы немесе ісуі. Ол жас және орта жастағы адамдарда жиі кездеседі. Ол аутоиммунды аурудың, жұқпаның немесе уыттардың себебінен пайда болуы мүмкін. Увеит белгілері аяқ астынан ұлғайып кетуі мүмкін. Егер көзіңіз кенеттен қызарып, жарыққа қарағанда ауырса, оған қоса көздің көруі нашарлай түссе, бірден дәрігерге қаралыңыз.
5. Көз тамшыларын жиі қолдану
Көздің қызарғанын кетіретін тамшыларды жиі қолдану кері әсер етіп, көздің іші одан сайын қызыл болып көрінуі мүмкін. Сондықтан қандай да бір көз тамшысын пайдаланар алдында дәрігердің кеңесін алу керек. Ол себебін анықтап, дұрыс ем жазып береді.
6. Жанаспалы линза
Линзалардың көзді тітіркендіруінің жылпы себептері мынадай:
- Диоптрия мен қалыңдықты, линзаларды тағу мерзімін дұрыс таңдамау;
- Оларды тағу мерзімі өтіп кетсе де қолдану;
- Линзаларды кию немесе шешу кезінде көзді зақымдау;
- Сызылған немесе тілігі бар линзаларды тағу;
- Линзаларға дұрыс күтім жасамау;
7. Жарақат пен зақымдар
Кейде көз жарақат алса, қызарады. Көз ішіндегі қан тамырлары қайта-қайта кеңейе береді: бұл қан мен жасушаларды зақымдалған жерді емдеуге және қалпына келтіруге мәжбүрлейді.
Жарақаттың үш түрі болады:
- Қандай да бір заттан соққы алу. Мұндай жағдайда, әдетте, қабақ көгереді, ал көздің ағы қызарып кетеді. Бұл уақытта көз дәрігерінің кеңесін алу міндетті, себебі сырттан көрінбегенмен көздің ішінде қан кетуі мүмкін.
- Көздің мүйізгек қабығының сызылып кетуі. Бұл кезде көздің сыртқы жағы ауырады. Ол алғашқы бірнеше минутта қатты ауыруы мүмкін, бірақ көбіне өздігінен жазылып кетеді. Ал дәрігер ауырсынуды басатын дәрілер жазып береді.
- Көзге сыртқы заттың кіріп кетуі. Мұндай жарақаттар жиі көзді ауыр зақымдайды. Ол кезде көз қатты ауырады және көзді ашып ұстау қиынға соғады. Сондықтан жылдам медициналық көмек керек.
8. Қан кету
Көздің ағын қаптап тұрған мөлдір қабыршақ — конъюнктиваның астындағы қан тамырлардың бірі жарылса, қан кетеді. Қан қайда барарын білмей, жайылады, ал кейде ол көп жиналып қалса, көз ісіп тұрған секілді көрінуі мүмкін. Әдетте, мұндай қан кету көзге аса қауіпті емес. Ол әдетте, қатты күш салудан, ауыр көтеруден, қатты түшкіру немесе жөтелуден пайда болады. Мұндай жағдайда да көз дәрігеріне қаралған жөн: ол көз қысымын өлшейді.
9. Жабық бұрышты глаукома
Көз қызару арқылы қауіпті ауру жайлы белгі беруі де мүмкін. Мысалы: жабық бұрышты глаукома. Ол көз ішіндегі сұйықтық қысымы жылдам көтерілген кезде орын алады. Бұл ауру кезінде мына белгілер білінеді:
- Көздің кенеттен қызаруы;
- Қатты ауыру;
- Бір немесе екі көздің бұлдыратып көруі.
Жабық бұрышты глаукома кезінде жедел медициналық көмек қажет.
10. Аллергия
Көз аллергия себебінен де қызаруы мүмкін. Бұл жағдайда көз, әдетте, қышиды. Қызарудың бұл түрін суық компрестермен, ылғалдандырушы тамшылармен және аллергияға арналған дәрілермен емдейді. Алайда бұл жағдай қайталана бермес үшін аллергенді табу маңызды.
11. Жүктілік
Жүктілік ағзадағы бірнеше гормондарды өзгертеді. Бұл өзгерістер жастың аз бөлінуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан көз қызарады және көздің ішінде құм бар секілді сезім туады. Кей жағдайда жарыққа сезімталдылық та пайда болады.
12. Темекі тарту
Темекі көздің сезімтал тіндерін тітіркендіретін бірнеше химиялық заттар бөледі. Оларға формальдегид, аммиак және күкіртсутек жатады. Сондай-ақ темекі тарту катаракта (көз бұршағының бұлдырауы) көз ауруының қаупін арттырады. Сондықтан зиянды әдеттен арылуға тырысу керек.
13. Ұйқы қанбау
Ұйқы жетіспесе, көз айналасындағы қан мен сұйықтық артады. Ол көзді ісіртеді және қызартады, кейде оның құрғауына да әкеледі. Сұйықтықтың дұрыс айналымы үшін көзге демалыс қажет. Сондықтан 7-8 сағаттан аз ұйықтамау ұсынылады.