Шопан атаның түлегі қойды бәріміз өте жақсы білеміз. Үй жануарын көпшілігіміз ауылда баққан да болармыз. Бәріміз білетіндей қой еті сіңімді, қан толтырып денені қоңдандырады, денеге жылулық береді. Ал халық емінде қойдың ішкі және сыртқы мүшелерін түрлі сырқаттарды емдеуге кең көлемде қолданады. Мәселен, бағлан тоқты, ісек, құнан қой, дөнен қойларды және кәрі саулықтың сорпасын емдік мақсатта тұтынады. Ендеше қой етінің ем түрін біле жүріңіздер. Қойдың етін ауыр науқастан кейінгі дене арықтауына, әлсіздікке және босанғаннан кейінгі аналардың денсаулығын қалпына келтіруге қолданады. Мұны сорпалану деп атайды. Егер науқас адамның асқазанына қара жел байланған болса, қайнатқан етке жемжеміл дәрісін қосып жесе немесе сорпасына талқандалған қара бұрыш қосып ішсе, байланған желді айдайды. Жаңа сойылған қойдың етінен жұқалап тіліп алып, соғылып, ісініп жараланған жерге таңса, ісікті қайтарады, іріңдеудің алдын алады. Ішінен іріңдеп аузы шықпаған жараларға (шиқан, сыздауық) таңса, жараның ауы ашылады. Қой етін күйдіріп, көмірін сірке суына езіп, жылан,шаян шаққан жерге таңса, уытты қайтарады, сыздап ауырғанын басады. Сыныққа, мешел балаларға еттен сылынып алынған сүйектерді бөлшектеп, ұзағырақ қайнатып сорпасынан күніне 1-2 реттен ұзақ уақыт ішкізсе, нәтижесі көңіл қуанады. Көзге түскен аққа жаңа сойылған қойдың өтіне тазаланған су қосып сұйылтып, күніне 2 рет тамызса, оң нәтижесін береді. Ақ, сары теміреткінің бетін спиртпен тазалап, айналасын инемен шабақтап, өттің сары суын жалғастыра бірнеше күн жақсаңыз, дерттен айығасыз. Шаштың арасына ұсақ бөрткен түссе, шашты тықырлап алып, онан соң сабындап жуып, артынан сумен сұйылтылған өтпен жуса, бөрткен кетіп қалады. Жел-құздан болатын асқазан-ішек жолының ауруына, құян, әйелдер ауруына қойдың қарны ем болады. Ол үшін семіз ту қой немесе құнан, дөнен қойды сояды. Алайда бірінші науқас адамдың астын жұмсақтап, екі аяғын көсілтіп отырғызады да, сойылған қойдың қарнын жылы күйінде дереу науқастыңң құрсағына қойып, қалыңдап орап тастайды. Шамамен жарты сағаттан соң науқастан ағыл-тегіл тер шығады. Шөлдесе, әлсін-әлсін су ішуіне болады. Ал 2-3 сағат мөлшерінде қарынның жылуы қайтады, осы кезде адамды шығарып алып тазалап жуындырады. Алайда науқасқа суық тиюден сақтану керек. Артынша бойға сіңімді, жылу беретін әрі тез қорытылатын тағамдар ішкізеді. Осыдан соң бірнеше күн сорпаланып күтінуі керек.