Қорыл - адам баласының бойындағы ең жағымсыз қасиеттердің бірі. Қорылға негізгі себеп – жұмсақ таңдайдың босаңсып, салбырап кетуі салдарынан ауаның еркін өте алмауы.
Әсіресе, бұл жағымсыз дыбыс айналамыздағы адамдарға өте қатты зиянын тигізіп жатады. Сіздің қорылыңыз әйеліңізді мезі етіп, ажыраспақ болды ма? Немесе осы әдетіңізден қашып, өзге бөлмеде ұйықтап жүр ме? Қорыл достарыңызды, бауырларыңызды ашуландырып, жалықтырып бітті ме? Олай болса, төмендегі кеңестер сіз үшін!
Дәрігердің көмегінсіз қорылдан мынадай шараларды жасау арқылы құтылуыңызға болады:
● Ұйықтағанда қорылдамау үшін жұмсақ таңдайды шынықтыратын жаттығулар жасау керек. Ол үшін «и» дыбысын жұтқыншақ, таңдай, мойын бұлшық еттерін керней отырып, созыңқырап, бірнеше рет қайталап айту керек. Мұндай жаттығуды таңертең және кешке 25-30 реттен қайталаған жөн. Осындай жаттығуларды күн сайын үзбей жасаса, жарты айдан соң жағымсыз қорылдан біржола құтылуға болады.
● Адам арқасымен ұйықтап жатқанда, көп қорылдайды. Арқаңызбен жатпай, жатысыңызды өзгертіп көріңіз, бұл шарадан кейін қорылдың басылуы мүмкін.
● Егер салмағыңыз шамадан тыс көп болса, арықтауға тырысыңыз.
● Шылым шегуді тастаңыз немесе тым болмағанда ұйықтар алдында екі сағат бұрын шекпеуге тырысыңыз.
● Ұйықтар алдында қомақты мөлшерде ішімдік ішпеңіз.
● Ұйықтағанға дейін 3-4 сағат бұрын тамақтанып алыңыз.
● Жастанатын жастығыңыз жайлы болсын.
● Ұйықтайтын бөлмеңізде ультрадыбысты ауа дымқылдатқышты қолданыңыз, бұл әсіресе жылу қосылатын қыс мезгілінде қажет.
● Ұйықтайтын бөлмеде гипоаллергенді орта қалыптастырыңыз: кілемдерді тазалап, өсімдіктерге аллергияңыз болса, бөлмеде қалдырмаңыз, бөлмеге жануарларды кіргізбеңіз, жүннен, қауырсыннан тұратын емес, заманауи табиғи немесе синтетикалық материалдардан тігілген жастықтар мен жамылғыларды пайдаланыңыз.
Егер осы шараларды жасап көргеннен кейін нәтиже көрінбесе, дәрігерге жүгінгеніңіз жөн. Өйткені бұл жай ғана қорыл емес, аноэ синдромы (ұйықтағанда дем алу қиындықтары) сырқаты болуы әбден мүмкін.
Сурет da-med.ru.