Қорылдаудың 8 себебі

Қорыл онымен қиналатын адамға да, қасында бірге тұратын адамдарға да жағымсыздық тудырады. Ол ұйқы сапасына және денсаулыққа жағымсыз әсер етеді. Қорылдаудың жиі кездесетін себептерін ұсынамыз.

Темекі тарту
Бұл зиянды әдеттен арылуға себеп көп. Солардың бірі — қорылдаудан арылу. Темекі тарту тыныс алу жолдарын төсейтін тіндердің қабынуын шақыруы мүмкін. Нәтижесінде, ол ісінуге, тарылуға және постназальды синдромға әкелуі мүмкін. Содан соң мұндай бұзылыс ұйқы кезінде қорылдауға әкеледі. Түнде қорылдауыңыздың себебі темекі тарту ма екенін анықтаудың жалғыз әдісі — одан бас тартып, жағдайыңызды бақылау.

Дем тоқтауы (апноэ)
Ұйқы кезінде дем тоқтау — қауіпті жағдай. Бұл кезде адамның ұйықтап жатқанда бірнеше рет тыныс алуы тоқтайды. Егер оны емдемесе, ол миға және дененің басқа бөліктеріне оттек берілуін тоқтатып тастауы мүмкін. Бұл жағдайдың екі түрі болады. Ұйқы кезіндегі обструктивті дем тоқтауда тамақ бұлшықеттері босаңсиды, ал ұйқы кезіндегі орталық дем тоқтауда ми бұлшықеттерге дұрыс белгі жібере алмайды.

Өмір сүру салтын өзгерту апноэ белгілерін жеңілдетуі мүмкін, бірақ, әдетте ол емді қажет етеді. Оны емдемесе, денсаулыққа жоғары қан қысымы, инсульт, диабет, Альцгеймер ауруы және депрессиямен байланысты қауіп төнеді. Сондықтан дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмаңыз.

Дұрыс жатпау
Ұйықтаған кезде қалай жатқаныңыз да қорылдауыңыздың себебі болуы мүмкін. Мысалы, арқамен жатып ұйықтаған кезде гравитация әсерінен тамақтың жұмсақ тіндері артқа қарай кетіп, тыныс алу жолдарын жауып тастайды. Бұл жағдайда бір қырмен жату қорылдауды тоқтата алады.

Алкоголь
Күннің соңында алкоголь ішкен адам ұйқы проблемасын сезеді және қорылдауы мүмкін. Себебі алкоголь тамақ бұлшықеттерін босаңсытады. Ұйықтаған кезде босаңсыған бұлшықеттер тыныс алу жолдарын бұғаттап, қорылды шақырады. Сондай-ақ, алкоголь ұйқы циклін бұзады.

Жүктілік
Жүкті әйелдердің шамамен 30%-ы соңғы триместрде қорылдап бастайды. Біріншіден, жүктілік кезінде ағзадағы қан мөлшері көбейеді. Ал ол қан тамырлардың кеңеюіне және мұрын жолының ісінуіне әкеледі. Бұл кезде ол ауызбен тыныс алуға мәжбүр болады да, қорыл пайда болады. Екіншіден, жүктілік кезінде әйелдің салмағы артады. Тамақтағы және мойындағы үлкейген тін жоғарғы тыныс алу жолдарын тарылтып, қорылды шақырады.

Артық салмақ
Артық салмақ жүрек пен буындарға ғана емес, ұйқыға да әсер етуі мүмкін. Әдетте, май бір жерге ғана жиналмайды, ол бүкіл денеге бөлінеді. Мысалы, мойынға да жиналады. Мойын жуандаса, артық май тамақты қысуы мүмкін. Ол тыныс алу жолдарының бітеліп қалуына әкеледі. Мұндай жағдайда түнде қорылдауды кетіру үшін артық салмақтан арылу қажет.

Тамақ және мұрын ауруы
Тамақ немесе мұрын ауруы түнде қорылдауға себеп бола алады. Мысалы, егер адамның мұрын аралығы қисық болса немесе кеңсірігі ісіп ауырса, ол дұрыс демала алмайды. Сондай-ақ, адамның көмекей бездері ісіп тұрса, тыныс алу жолдары бітеліп, қорыл пайда болады. Қорылдаудың себебі мұрын немесе тамақ ауруы ма екенін білудің ең жақсы тәсілі — отоларингологқа қаралу.

Дәрі ішу
Кей дәрілер, мысалы, бұлшықет босаңсытқыштар (миорелаксант) тамақ бұлшықетін босаңсытады. Сондай-ақ, кей ұйықтататын дәрілер, транквилизаторлар және жайбарақаттандыратын құралдар қорылдауға себеп болады.