Назарларыңызға Астана қалалық №2 балалар ауруханасы «Айлана» балаларды оңалту орталығының тифлопедагогі Жазира Керімованың көру қабілеті төмен балалардың күтімі жайындағы сұхбатын ұсынамыз.
1. Жазира Қасымқызы, көру қабілеті төмен балалармен жұмыс жасауда мамандар нені ескеру керек?
Көру қабілеті бұзылған балаларға оқу процесін қабылдау және танымдық қабілеттерінің қалыптасу қиындығы тән құбылыс. Өйткені дені сау бала мүмкіндігі шектеулі балаларға қарағанда, қоршаған ортаны 90% көру жүйесі арқылы танып біледі. Ал көру қабілеті бұзылған бала не істейді? Бұл жерде олар басқа анализаторлар арқылы көру жүйесінің орнын толтырады. Оны жүйелі түрде үйрету керек. Кез келген затты ұстау барысында оның пішінін, көлемін анықтауға дағдыландырамыз.
2. Бұл тұрғыда ең қарапайым әдіс қандай?
Ең қарапайым жұмыс – пирамида жинау. Ол баланың үлкен, кіші деген ұғымдарды үйренуіне ықпал етеді. Әрі көру қабілеті төмен балаларда екі қолдың координациясы бірдей жұмыс жасауы міндетті. Жұмыс жасаған уақытта маман баланың артында тұрып, оның қолына өзінің қолын қою арқылы бірге қимылдар жасайды. Сонда науқасқа қабылдау жеңіл болады.
3. Біз ескере бермейтін тағы қандай дүниелерді атап өтер едіңіз?
Оқыту барысында тағы бір ескеретін жайт - көру қабілеті нашар балаларға жеміс-жидектерді түсіндіргенде ойыншық муляжды пайдаланғаннан гөрі, шынайы жеміс-жидектерді қолмен ұстатып, дәмін сездіріп, иісін иіскету баланың қабылдауына қолайлы әдіс. Сонымен қатар олармен жұмыс жасағанда нақты негізделмеген «ана қолыңды көтер, мына жақта» деген сияқты ұғымдарды мүлде қолданбаңыздар. Бұны ата-аналар да ескеру керек.
4. Ата-аналар деп қалдыңыз, осы орайда олар үнемі нені есте ұстау керек?
Олар баласының жағдайын жадынан шығармау керек. Әрбір қимылын хабарлап отыру маңызды. Мысалы, дәрігерге келгенде «міне, сен дәрігердің қабылдауына келдің» дегендей ақпараттарды үнемі айтуды ұмытпау керек. Сонымен қатар үйде ата-аналар көру қабілеті зақымдалған балаға қажетті заттардың, ойыншықтардың орнын ауыстырмау қажет. Себебі ол барлығын рет-ретімен есте сақтап алады. Егер орнын ауыстыратын болса, міндетті түрде баласына ескертуді ұмытпаған абзал. Ойыншық таңдағанда да, заттардың табиғи көлемін ескерген жөн. Мысалы, кесе шәугімнен үлкен болмауы керек, алма қарбыздан деген сияқты. Егер ойын процесінде қате жаттаса, оны көрмегендіктен табиғи тұрғыда солай екен деп есептейді.
Дереккөз: anabol.kz