- Негізгі бет
- Денсаулық
- Коронавирустың ұзаққа созылған...
Коронавирустың ұзаққа созылған ағымы
Коронавируспен ауырған көп науқаста бірнеше айдан кейін де ентігу, әлсіздік, бас ауруы, ұйқы мен ас қорыту мәселелері, жүрек ырғағының өзгеруі мен өзге де бұзылыстар байқалуы мүмкін. Көбіне бұл көріністер толқынды сипатта болады, яғни симптомдар бірде бар, бірде жоқ.
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры
Бұл науқастар үшін COVID-19 диагнозының анықталуы – алғашқы бастамасы ғана. Осы сәттен бастап олардың өмірі түбегейлі өзгеріп кеткендей. Олардың көпшілігінің оның алдында дені сау болған. Алайда, қазір тек бірнеше апта мен айдан соң оларға тіпті төсектен тұру да оңайға соқпай тұр. Оның үстіне дәрігерлер де әзірге науқастарды қалайша толық сауықтыруға болатынын болжай алмауда.
Жұқпалы және салқын тигеннен болатын аурулардан айығу үшін бірнеше күн немесе апта уақыт кетеді. Алайда, COVID-19 жұқтырған адамдардың шамамен 30 пайызы аурудың алғашқы басталуынан кейін бір айдан соң немесе одан да көп уақыт бойы симптомдарын өткереді. Симптомдардың соншалықты ұзақ және толқынды болуы дәрігерлер үшін жұмбақ болып отыр.
COVID-19-дың ұзақ уақытқа созылған көріністері науқастардың дене мүшелері мен жүйелеріне әсер етеді. Науқастарды тіпті жеңіл күш түсіргендегі еселенген жүрек соғысы, тұрақты түрдегі кеуде ауырсынуы, ес-түстің бұлыңғырланған неврологиялық белгілері, аяқтың ұйып қалуы мен қақсауы алаңдатады. Кейбіреулер дәм мен иіс сезбейтінін айтып шағымданады.
Дәрігерлер коронавирустың қандай түрде науқастардың ағзаларын зақымдап, созылмалы белгілерді тудыратын бірнеше механизмдерді анықтап отыр. Бірінішісі – вирус тамырлы, жүйке және басқа да жүйелерге еніп, өкпенің, мидың, бүйректің және ішектің қабынуын тікелей тудырады.
Вируспен күресуге арналған иммун жүйесінің белгілі бір себептермен науқастардың өз жасушалары мен мүшелеріне шабуыл жасауының тағы бір механизмі бар. Бұл құбылысты цитокин дауыл деп атайды.
Соңғы үшінші механизм – бұл ауру ағымының асқынуы. Мысалы, адам ентігіп, пневмония өкпенің фиброзына әкелуі мүмкін. Инфекция кезіндегі қанайналым мәселелері жүректің, мидың және басқа мүшелерді ұзақ уақытқа бұзылуына, соның ішінде инфаркт және инсульт сияқты қауіпті асқынуларға әкеліп соғады. Тәжірибе көрсеткендей, басқа вирустар да мүшелер мен жүйелердің көптеген бұзылуларын тудыруы ықтимал.
Жүз жыл бұрын тұмау пандемиясы кезінде, жұқтырғандардың көбінде ұйқышылдық байқалған. Бұл летаргиялық энцефалит деп аталатын мидың қабынуымен байланысты. Ұйқышылдық сонымен қатар бірнеше жыл бұрын Оңтүстік Америкада эпидемия тудырған Зик вирусында да болған. Айта кететіні, бас миының бұзылыстары бастапқы қалыпқа келгенен соң белгілі бір уақыт өткеннен кейін білінген.
Жақында италиялық дәрігерлер COVID-19-бен ауырған 143 науқасты тексеруден өткізген болатын. Олар екі айдан кейін науқастардың 87 пайызында аурудың кем дегенде бір симптомы болғанын, ал 44 пайызы өмір сүру сапасының нашарлағанын анықтаған. Олардың көпшілігі үнемі әлсіздік пен шаршағыштыққа, тыныс алудың қиындауына, кеуде мен буындардағы ауырсынуларға шағымданған. Мұндай ауытқулардың себебін радиологиялық немесе зертханалық зерттеулердің көмегімен анықтау қиын.
COVID-19-дың ұзаққа созылған ағымы көбінесе бұрыннан созылмалы аулары бар науқастарға тән. Бірақ та бұның дені сау адамдарға да жиі қатысы бар. Кез келген жағдайда, ұзаққа созылған COVID-19 симптомары дәрігерлердің жіті медициналық көмегін қажет етеді, өйткені дерт денсаулықтың ауыр асқынуларына, еңбекке жарамсыз болып қалуына және өмір сүру сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Қазіргі коронавирус көп жағдайда жұмбақ күйінде қалып отыр. Дәрігерлер мен ғалымдар COVID-19-дың жаңа көріністерін тауып жатыр. Бүгінгі пандемиядан үлкен сабақ алдық. Бұл вирусқа немқұрайды қарауға болмайтынын ұқтық. Сондай-ақ, бұл вирустың болашақта науқастардың ағзасына қалай әсер ететінін жіті назарда ұстауымыз қажет.
А. Рысдәулет