- Негізгі бет
- Денсаулық
- Коронавирустың қандай қашықтан...
Коронавирустың қандай қашықтан жұғатыны белгілі болды
Қытай ғалымдары COVID-19 инфекциясын туғызушы коронавирустың адам сөйлегенде не түшкіргенде шығатын аэрозольды бөлшектер арқылы 4 метрге дейін тарайтынын анықтады. Алайда мұндай қашықтыққа тараған вирус бөлшектері адамға қауіп төндіре ме әлде жоқ па – ол жағы белгісіз. Мұны Daily Mail басылымы хабарлады.
Қытайдың әскери ғылым академиясының ғалымдары Ухань қаласында COVID-19 инфекциясымен шалдығып ауруханаға түскен науқастарды талдамаларын алып, вирустың аэрозольды бөлшектерінің таралуын қарастырған. Дем тамшылары мен сілекей арқылы ауаға шыққан коронавирус бірнеше сағат тірі болады. Одан бөлек, ғалымдары коронавирустың аэрозольды бөлшектер арқылы 4 метрге дейін ауаға тарайтынын анықтады.
Бұл әлем мамандары бекітіп берген әлеуметтік арақашықтықтан 2-4 есе көп. Коронавирустан сақтануға арналған нұсқаулықтарда адам мен адамның арасы 1-2,5 метр деп көрсетілген.
Алайда қытай ғалымдары коронавирустың 4 метрге дейін тарайтынын анықтағанымен, мұндай қашықтыққа тараған вирустың адамға жұғуы мүмкін бе әлде жоқ па – ол жағын әлі анықтай алмай отыр.
Ғалымдардың айтуынша, адам дауыстап сөйлеген сайын ауаға таралатын аэрозольды бөлшектер де көп болмақ. Одан бөлек, адамдардың арасында аэрозольды бөлшектерді 10 есе көп бөлетін адамдар да бар. Бұларды суперэмиттер деп атайды. Мәселен, коронавирус жұқтырған, алайда белгілері әлі байқала қоймаған «науқас-суперэмиттер» ауаға 6 мыңға дейін аэрозольды бөлшек шығарады. Ал ауаға таралған мұнша тамшыны жанында сөйлесіп тұрған адамның жұтпауы мүмкін емес.
Қазіргі уақытта коронавирустан ауырғандардың саны әлемде 1,7 миллион адамға жетті. 100 мыңға жуығы көз жұмды.
Қ. Слямбек