- Негізгі бет
- Денсаулық
- Коронавирустың ер адамды...
Коронавирустың ер адамды белсіздікке әкелетіні дәлелденді
SARS-CoV-2 инфекциясы тараған сәтте-ақ, пандемия басталған тұста қытай ғалымдары бұл вирустың ер адамның репродуктивті, яғни, ұрпақ қалдыру қызметіне кері әсер етуі мүмкін, сондықтан COVID-19 шалдыққандар болса, міндетті түрде қосымша емдік тексерістен өту керегін айтқан еді. Ол жаңалықты оқыған ел іші тіпті дүрбелең боп кетті. Сондықтан ғалымдар ақпаратты ғаламтордан алып тастады.
Коронавирустың белсіздікке әкелетіні кейін де айтылып жүрді. Бірақ нақты дәлел болмаған соң, болжам күйінде қалған еді.
Енді, міне, АҚШ Техас университетінің ғалымдары сериялы зерттеу жүргізіп, бұл болжамның негізін тапқан сыңайлы. Америка ғалымдары SARS-CoV-2 инфекциясы ер адамның ұрық жасушаларын ауруға шалдықтырып, жыныс мүшесіне әсерін тигізетінін дәлелді.
Ғалымдар мұндай тұжырымға келу үшін зертханада жануарға эксперимент жасаған екен. Яғни, генетикалық жағынан адамға жақын сирия атжалманына SARS-CoV-2 инфекциясын жұқтырып, бақылау жасаған.
"Біраз уақыттан кейін кеміргіш жануардың ұрық жасушасы ауруға шалдыққанын байқадық. Ұрық жасушасы вирусқа репликация жасап, кейін зақымға ұшырайтынын анықтадық", - дейді ғалымдар Microorganisms журналына берген зерттеу қорытындысында.
Коронавирус тыныс жолдарының респираторлы асқынуына әкеліп, адам денесінің басқа да ағзаларына зиянын тигізетіні бұған дейін де айтылып жүрген еді. Бірақ нақты дәлел болмады. Енді, міне, ер адамның жыныс мүшесіне зияны бары, тестостерон гормонын азайтып жіберетіні белгілі болды.
"Енді ғалымдар COVID-19 ауырып, ұрығы бұзылған ер адамның себебі SARS-CoV-2 инфекциясынан деп нақты айта алады", - дейді Техас ғалымдары.
Қ. Слямбек