АҚШ ғалымдарының зерттеуінше, коронавирусты жұқтырғандардың арасында әйелдерге қарағанда ерлердің үлесі көп. Одан бөлек, көз жұмғандардың басым бөлігі де – ерлер қауымы.
Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 20 наурыздағы деректеріне көз жүгіртсек, Шығыс Еуропада коронавирустан қайтыс болғандардың 70 пайызы ерлер болған.
Ал италья ғалымы, Римдегі университет ауруханасының профессоры Роберто Бернабеи Covid-19 инфекциясынан көз жұмғандардың 71 пайызы ерлер екенін әрі әйелдердің ерлерге қарағанда төзімді, берік келетінін мәлімдеді. Италиядағы бұл статистика кейін 80 пайызға дейін көтерілді.
COVID-19 инфекциясы ең көп тараған бес мемлекеттің деректерін жинастырған Global Health 50/50 зерттеу тобы ерлердің әйелдерге қарағанда коронавирус жұқтыру мүмкіндігі 1,5 есе көп екендігін айтады. Әзірше ғалымдар мұның ғылыми, биологиялық себебін таба алмай отыр.
Алайда әйелдерге қарағанда ерлердің көп темекі шегетіні әрі гигиена мен тазалыққа мән бермейтіні себеп болуы мүмкін деген пікір бар. Мәселен, Қытайда коронавирус жұқтырған ерлердің 52 пайызы темекі тартқан болса, әйелдердің небары 3 пайызы ғана темекі тұтатқан екен.
Одан бөлек, ерлер арасында диабетпен, жүрек ауруымен ауыратындар да көп. Мәселен, Қытайда диабетпен, гипертониямен ауыратын ерлердің саны әйелдерден екі есе көп. Сондайқ-ақ, 60 жастан асқан ерлердің денсаулығы әйелдерге қарағанда әлдеқайда нашар. Ішімдік ішетіндердің көбі – ерлер.
COVID-19 жұқтырған балаларға кең зерттеу жасаған АҚШ ғалымдары елде коронавируспен ауырған 2,5 мың баланың 57 пайызы – ұл балалар екенін айтады. Әрі коронавирус жұқтырған ұл балада аурудың белгілері аса байқала қоймайтын көрінеді.
- Соған қарағанда COVID-19 инфекциясының белгілері әйелде бөлек, ерлерде бөлек байқалуы мүмкін, - дейді зерттеушілер.
Ал The New York Times басылымының хабарлауынша, коронавируспен күресуге ерлер мен әйелдердің генетикасы рөл ойнайды. Әйелдерде эстоген горманы көп әрі бұл горман коронавируспен күресуге көмектесетін көрінеді.