- Негізгі бет
- Денсаулық
- Коронавирустан айыққандарға пайдалы...
Коронавирустан айыққандарға пайдалы 5 кеңес
Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева коронавирус инфекциясымен ауырып жазылғандарға 5 пайдалы кеңес айтты.
1. Күн сайын тыныс алу гимнастикасын жасаңыз. Дем алуды, дем шығаруды бақылау арқылы қарапайым жаттығу жасау керек. Оларды отырып та, төсекте жатып немесе шалқайып отырып та жасауға болады. Аурудан кейін ағза әлі де күшеймегендіктен, жаттығуды шамадан тыс көп жасамаңыз, жүктемелерді біртіндеп арттырғаныңыз дұрыс. Тыныс алу гимнастикасы өкпенің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етеді және оны оттегімен қанықтырады.
2. Таза ауада күн сайын серуендеңіз. Жаяу жүру газ алмасуды жақсартады, әлсіреген ағзаға күш-қуат береді.
3. Дұрыс тамақтану керек. Ағзаға ақуыз, май және көмірсу қажет. Көкөніс пен жеміс-жидекке көбірек мән беріңіз. Тәттілерден де бас тартпаңыз, олар көңіл-күйіңізді жақсартады.
4. Кемі 7-8 сағат ұйықтаңыз. Ұйықтар алдында бөлмені міндетті түрде желдетіп, 2-3 сағат бұрын тамақтанған дұрыс. Бұл тезірек қалыпқа келуіңізге көмектеседі.
5. Стрестің және үрейдің алдын алу қажет. Қазір ауырғандар да, ауырмағандар да стресс жағдайындамыз. Аталған инфекцияның ерекшелігі – гипоксия, оттегінің жетіспеуі. Бұл қорқыныштың және депрессияның алғышарты болуы мүмкін. Психологтар алаңдамауға, өзіңізге сенімді болуға кеңес береді. Жақын адамдарыңызбен қарым-қатынасты күшейтіп, табиғат аясына шығыңыз, D витаминін арттыру үшін Күнге күйіңіз. Оң эмоция тезірек қалыпқа келуге көмектеседі.
Т. Раушанұлы