Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен Президент жанындағы төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын медицина қызметкерлеріне ай сайынғы жалақы мөлшеріндегі үстеме ақыны белгілеу туралы шешім қабылдады.
Коронавирус инфекциясының үш тобы бойынша төлемдер 3 ай ішінде жасалады. Олар:
1. "Өте жоғары қауіп" – жұқпалы ауру ауруханасындағы дәрігерлер, медбикелер және фельдшерлер, оның ішінде реанимация бөлімшелері. Үстемақы 20 ең төменгі жалақыдан тұрады (ЕТЖ, 850 мың теңге).
2. "Жоғары қауіп" – дәрігерлер, медбикелер және орта медициналық көмек ауруханасы мен жедел жәрдем. Үстемақы 10 ең төменгі жалақыдан тұрады (425 мың теңге).
3. "Орташа қауіп-қатер" – карантиндік ауруханалардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және басқалары. Үстемақы 5 ЕТЖ (212,5 мың теңге).
Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыруды тапсырды.
Медицина қызметкері коронавирус жұқтырған жағдайда, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін біржолғы әлеуметтік төлем 2 миллион теңге, қайтыс болған жағдайда – 10 миллион теңге.
Кездесу барысында төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты уақытша жұмысынан айрылған халықтың әлеуметтік осал топтары мен азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету мәселесіне ерекше назар аударылды.
"Аз қамтамасыз етілген азаматтарға мемлекеттік қолдаудың тиімділігі қамтамасыз етілуі керек. Сонымен қатар, көмек тағайындау тетігі халық үшін барынша қарапайым және ыңғайлы болуы керек", - деді Мамин.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі індетпен күресіп жатқан дәрігерлер қаржылай қолдауға лайықты екенін айтқан еді.
"Санитарлық-эпидемиологиялық саладағы күрделі кезеңде еңбек етіп жатқан дәрігерлерді қаржылай қолдаудың жаңа пакеті қажет. Олар соған лайықты. Үкімет есептеулерді жүргізуде. Қабылданған шешім дүйсенбіде жарияланады", - делінген президенттің twitter парақшасында.