- Негізгі бет
- Денсаулық
- Коронавирус қайдан пайда...
Коронавирус қайдан пайда болды?
Жыл басынан бері барша әлемнің назарына Қытайға ауды. Күн сайын аспан асты елінде 2019-nCov жаңа коронавирусын жұқтырғандар саны артып келеді. Ғалымдардың айтуынша, коронавирус алғашқы белгілері пайда болмай тұрып адамнан адамға жұға береді. Бұл аурудың алдын алуға үлкен кедергі келтіріп тұр. Әзірге коронавирустың жаңа түрі неден және қалай пайда болғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Дегенмен ғалымдар оның екі себебін атады.
ХХI ғасырда жаңа вирус қайдан пайда болды?
Жаңа вирустардың пайда болуы таңғаларлық жағдай емес. Өйткені вирустар да Жердегі барлық тірі ағзалар секілді өсіп, дамып, қоршаған ортаға үйреніседі. Адам саны күннен күнге артқан сайын вирустардың дамуы үдей түсті. Үй жануарлары мен фермадағы құстар вирустардың дамуына таптырмас мүмкіндік. Өйткені әркез тазалық сақтала бермейді. Мысалы, құс тұмауы кезінде штамм үй құстарының ағзасына түскен. Олардың иммунитеті жоқ болғандықтан тез өледі. Алайда ауру құстардың етін жеу арқылы вирус адам ағзасына түскен соң, дамып, уақыт өте адамның өліміне алып келетін вирусқа айналды.
Қазіргі коронавирусқа ұқсас жағдай 2003 жылы да тіркелген. Тыныстық синдром (SARS) атауын алған вирусты Қытайдың Юньнань аумағындағы үңгір жарқанаттары тасымалдаған. 2019-nCov (2019 жылғы жаңа коронавирус деген мағынан білдіреді) геномы SARS геномымен 80%-ға ұқсас. Ғалымдар коронавирустың жаңа түрі екі жағдайда пайда болуы мүмкін деп топшылайды.
Бірінші себеп: 2019-NCoV штамы жарқанаттан жыланға берілуі мүмкін
Жарқанат түрлі вирустарды тасымалдай алады. Сол себепті ғалымдар бірден осы бір қолқанаттының түрін зерттеді. Қытай халқы бұрыннан жануарлардың түр-түрін ас мәзіріне қосатын. Уханьдағы жануарлар базары вирустардың дамуына таптырмас мүмкіндік тудырған. Осылайша 2019-NCoV вирусы дамып, адамға берілетін қабілетке ие болған. Ал штамм жарқанаттан жыланға беріліп, артынша адам ағзасына түсті деген болжам бар.
Екінші себеп: адам өміріне қауіпті вирустар зертханасынан шығуы мүмкін
2017 жылы Ухань қаласында әлемдегі ең қауіпті вирустар мен патогендерді зерттеуге арналған Ұлттық биоқауіпсіздік зертханасы ашылған екен. Сол кездің өзінде сарапшылар болашақта зертханадан вирус сыртқа шығып кетеді деп қауіптенген болатын. Ғалымдар патогендерді әртүрлі жануарларға тәжірибе жасау арқылы зерттейді. Тәжірибе барысында вирус белгісіз бір себеппен сыртқа шығуы мүмкін. Өйткені 2003 жылы SARS штамы Қытай зертханасынан абайсызда сыртқа шығып, біраз адамның өмірін жалмаған еді.
А. Рысдәулет