- Негізгі бет
- Денсаулық
- Коронавирус ағымының әртүрлі...
Коронавирус ағымының әртүрлі өтуінің себебі
Коронавирус инфекциясы көп жағдайда симптомсыз немесе болмашы көріністерімен жүреді. Алайда ауру көбінесе суық тиюдегі ұқсас симптомдармен бірге өтеді: дене қызуының көтерілуі, құрғақ жөтел, тамақтың қышуы мен жұтынудағы ауырсыну, мұрынның бітелуі, тыныс алудың қиындауы, ентігу, дененің және бұлшықеттердің ауырсынуы секілді.
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры
Одан да басқа, кейбір науқастар тәбеттің болмауы, жүрек айну, құсу және диарея сияқты асқазан-ішек жолдарының бұзылуына байланысты шағымданады. Олар әдетте шамамен бір тәулік созылады, содан соң дене қызуы көтеріліп, тыныс алудың бұзылуы өршиді.
Кейбір науқастарда, әсіресе жастарда ауру терінің тітіркенуімен, қабынуымен аязға үсіген сияқты көріністерімен бірге жүруі мүмкін.
Ал егде жастағы адамдарда коронавирус инфекциясы естің шатасуы секілді көріністермен орын алып жатады.
Көптеген науқастар ауру кезінде иіс пен дәмді сезуді жоғалтқаны туралы хабарлап жатады және ол 9-14 күнге созылуы мүмкін. Дәрігерлер бұл симптомдардың пайда болуын коронавирус инфекциясының дамуының алғашқы хабаршысы деп санайды.
Аурудың ауыр ағымында қан тамырларының кеңеюі, қабақтың ісінуі, жасаурау, әртүрлі бөлінулердің болуы, тітіркену мен сезімталдық салдарынан көздің қызарып, ауырсынуы мүмкін.
Коронавирус инфекциясының симптомдары байқала басталғаннан-ақ тынығып, дұрыс тамақтану қажет. Сондай-ақ, сұйықтықты көп ішу аса маңызды. С, Д дәрумендерімен қатар мырыш препараттарын қабылдау, дәрігерлердің айтуынша иммун жүйесі инфекциямен күресуге көмектеседі.
Өкінішке қарай, қазір коронавирусты тиімді және нәтижелі түрде жоятын дәрі-дәрмектер жоқ. Негізінен, ауруды басатын және қызуды түсіретін дәрілер қолданылады. Сондай-ақ, коронавирус қанның ұюын жоғарылатындықтан, қан ұйығыштарының пайда болуына жол бермеуге көмектесетін препараттар қолданылады. Вирусқа қарсы қолданылатын Ремдесивир препараты үміт ұялатып отыр.
Көптеген елдерде дәрігерлер безгекке қарсы хлорохин препаратын коронавирус инфекциясын емдеу үшін оның тиімсіздігі мен жағымсыз жанама әсерлерінен қолданудан бас тартқан болатын. Сондай-ақ, Алувия деген атпен белгілі Лопинавир мен Ритонавир вирусқа қарсы препараттары да үмітімізді ақтамады.
Жақында қымбат емес гормоналды дексаметазон препараты коронавирус инфекциясының ауыр түрлерімен ауыратын науқастардың өлімін төмендетіні дәлелденді. Ол "цитокиндік дауыл" деп аталатын дамуды тежейді. Алайда, оны жеңіл және орташа дәрежедегі ауруы бар науқастарға қолдануға болмайды. Азитромицин антибиотигі де қабынуға қарсы әсер етеді.
Қазір белгілі болғандай, өкпеден басқа коронавирус көптеген мүшелерге әсер етіп, қабынуды, қанның ұюдың жоғарлауын, жүрек, неврологиялық және басқа да жүйкелік бұзылыстарды тудырады. Шынында да кейбіреулерінде инфекция симптомсыз, ал басқаларында ауыр түрде өтіп жатады. Бұл негізінен қант диабеті, семіздік, гипертония,қатерлі ісік және аутоиммунды бұзылыстар секілді созылмалы ауруларға байланысты. Осылардың кесірінен әлсіреген иммундық жүйе инфекцияға қарсы тұру қабілетін жоғалтады. Алайда дерттің ауыр ағымын дені сау адамдардан да байқауға болады.
Жақында коронавирус инфекциясының әртүрлі ауырлық дәрежесі бойынша Испания мен Италиядағы көптеген науқастардың генетикалық талдауының нәтижелері жарияланған болатын. Анықталғандай, асқыну қаупі белгілі бір дәрежеде 9-шы хромосоманың генетикалық ерекшеліктеріне байланысты екен. Аталмыш хромосома екінші қан тобымен А(II) байланысты. Бұл байланыстың себептері әрі белгісіз, бірақ бұл қан тобы бар науқастарды аса сақтықпен емдеу үшін өте маңызды.
А. Рысдәулет