Ауызыңызға көрінген тіскебасарды салып, шайнап отыру әдетіңізге айналды ма? Бұл сауатсыз тамақтанудың белгісі, бұның соңы жақсылыққа апармайды. Артық жеп қоюдың дұрыс ұйықтауға кері әсер ететіні туралы жазғанбыз. Ауызыңызға тамақты салмас бұрын "Қарным шынымен ашып тұр ма?" деген сұрақты қоятын кез келді! Мына кеңестер мөлшерден тыс тамақтануға тосқауыл қоя алады:
Қағаз қораптар мен түрлі-түсті іші көрінбейтін дорбалардан тамақ жемеңіз. Себебі, тамақтың қандай мөлшерін жеп қойғаныңызды байқай алмай қаласыз. Одан да, тіскебасарды кішігірім ыдысқа сеуіп алыңыз. Ыдыстағы тәттілер біткенде тағы салу керек пе, жоқ па деп ойланасыз. Теледидар алдында тамақ жемеңіз. Басқа нәрсеге көңіл бөліп отырғанда тамақ жесеңіз, жүздеген артық калория жинап ала аласыз. Тамақ ішкенде бар назарыңыз асыңызда болсын. Зиянды тамақтан бас тартыңыз, оларды тіпті сатып алмаңыз да. Тоңазытқышыңызды жеміс пен көкөніске толтырып қойсаңыз, қарныңыз ашқан сәтте артық салмақ сыйламайтын тіскебасар жей аласыз. Кішкентай тәрелкеге салып тамақтаныңыз. Зерттеулердің нәтижелеріне жүгінсек, кіші ыдыстармен тамақтанатын адамдар аз жейді екен. Миыңыз тәрелкені түгелмен тауысамын деп ойлап, артық жеп қоюыңыз мүмкін. Асықпай тамақтаныңыз. Тамақты дұрыстап шайнап, оның дәмін сезініп, рақаттанып жеңіз. Жеген тамақ мөлшерін де осылайша дұрыс бақылай аласыз. Қарыныңыздың тойғанын күтпеңіз. Тамақ ішіп болғанда, кішкене аштық сезілу керек. Тамақтың толық қорытылуы мен тоқтық пайда болғанға дейінгі аралықта 20 минут өтеді екен. Осы 20 минутта тойғанымызды білмей, артық тамақ жеу - денсаулығымыз үшін қауіпті.Мидың барлық жерге өз әмірін жүргізе алатыны белгілі. Миыңыздың асқазаныңызға "Тоқта!" деп айтуына мүмкіндік беріңіз!
Форумда талқылау
сурет:bodymake.ru