Білікті дәрігер Евгений Комаровский өзіне коронавирус жайлы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді. Назарларыңызға солардың кейбірін ұсынамыз.
1. Мұрын қуысын, ауызды және көзді сабын ерітіндісімен жуу қажет пе?
– Мұрын қуысын, ауызды және көзді сабын ерітіндісімен жуу қажеттігі жайлы жазылған мақалалар тарап жатыр. Сабын шырышты қабықты тітіркендіреді. Ал шырышты қабықтың тітіркенуі жергілікті иммунитетті түсіреді. Одан керісінше, вирусты жұқтырып алу қаупі жоғарылай түседі.
2. Вирус ауада, мысалы, көп пәтерлі үйдің лифтінде, баспалдақ алаңында қанша уақыт сақталады?
– Бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Егер адам лифтте тұрып түшкірсе, сіз сол уақытта лифтке кірсеңіз, сіз онымен тыныс алуыңыз мүмкін. Ал одан соң вирус ауада сақталмайды, олар бірнеше минут ішінде жерге немесе жазықтықтар бетіне түседі. Бірақ вирустар металл жазықтықтың үстінде 10 сағатқа дейін сақталуы мүмкін. Сондықтан лифт батырмасында және есік тұтқасында вирус болады. Оны қолмен ұстап, содан соң сол қолмен мұрныңызды, аузыңызды немесе көзіңізді уқаласаңыз, оны жұқтырып алу мүмкіндігі бар. Сол үшін лифт батырмасын басқан соң және есік тұтқасын ұстаған соң қолыңызды бетіңізге тигізбей, міндетті түрде үйге кірген бойда қолды сабынмен минимум 20 секунд жуу керек.
3. Үйді қалай тазалау керек?
– Ең алдымен, үйді қайта-қайта желдетіп тұру керек. Содан соң үйді зарарсыздандырушы құралмен тазалау қажет. Дүкенде зарарсыздандырушы құралдардың түр-түрін кездестіруге болады. Бірақ мен сіздерге ең арзан құралды ұсынайын: ол – «белизна». Оның 60-100 мл мөлшерін 1 л суға араластырып, үйдің барлық жерін тазалап шығуға болады. Содан соң киімдерді өте ыстық суға жуу барлық вирустарды өлтіреді.
4. Аурудың алдын алу мақсатында тамақ шаю қажет пе?
– Егер үйдегі ауа ылғалдылығы төмен болса, тамақты қарапайым сумен немесе тұзды сумен шаю арқылы шырышты қабықтың құрғап кетпеуінің алдын аласыз. Ал егер бөлмедегі ауа ылғалдылығы жақсы болса, мысалы, 40%-дан жоғары болса, тамақты шаюдың еш қажеті жоқ. Бастысы, шырышты қабық құрғамауы керек.
5. Вирус тері арқылы ағзаға ене ала ма?
– Вирус зақымдалмаған тері арқылы ағзаға ене алмайды. Вирус ағзаға кіру үшін шырышты қабық керек. Ал зақымдалған тері бөліктері арқылы вирустің ағзаға кіру мүмкіндігі жайлы айтылады, бірақ әлі де нақты дәлелдер жоқ.