Бұрын-соңды "колоноскопия" терминін естіп пе едіңіз? "Білгеннің болмас артығы" демекші, бұл ұғым турасында дәйекті ақпарат алсаңыз, өзіңіз үшін де, өзгелер үшін де пайдалы болмақ.
"Колоноскопия деген не?", "Қай кезде колоноскопиялық тексеруден өту керек?" деген сауалдарға А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының эндоскопист, гастроэнтеролог маманы Абдиев Нүркен Махамашұлы жауап берді.
- Колоноскопия – эндоскоптың көмегімен тоқ ішекті тексеру әдісі. Жарықтандырудың және бейнені көрсету мүмкіндігі жоғары эндоскоптың арқасында тоқ ішек қабырғаларының барлығын (тік ішектен бастап аш ішектің терминал бөлігіне дейін) ішінен мұқият қарауға болады. Ал тар спектрлі жарық кез келген патологиялық күйді ерте анықтауға мүмкіндік береді. Диагнозды верификациялау мақсатында биопсия орындалуы керек, - дейді маман.
Қандай белгілер байқалғанда тексеруден өту керек?
- Тік ішектен қан/шырыш бөлінгенде;
- Дәреттің/нәжіс бұзылғанда (іш қату немесе іш өту);
- Іштің ауыруы/кебуі;
- Әлсіздік, шаршау, субфебрилитет.
Тоқ ішектің қатерлі ісігіне күдік пайда болғанда:
- КТ, УДЗ, МРТ, рентгенология зерттеулеріндегі өзгерістер;
- Қан талдауында қатерлі ісікке тән өзгерістердің болуы (гемоглобиннің төмендеуі, ЭТЖ-ның жоғарылауы);
- Спецификалық онкомаркерлердің көтерілуі;
- Нәжістегі жасырын қанның зертханалық жолмен анықталуы.
Мынадай жағдайларда тоқ ішек қатерлі ісігінің бар екенін растау немесе теріске шығару үшін:
- Асқазан полипі/қатерлі ісігі;
- Тік ішек полипі;
- Бауыр өсінділері кезінде;
- Гинекологиялық операцияға (эндометриоз, аналық бездің, жатырдың және т.б. қатерлі ісіктері) дайындық кезінде.
Егер науқас қауіп-қатер тобына (жыл сайынғы жоспарлы бақылау тобы) енген болса:
- ойық жаралы колит немесе крон ауруы;
- отбасылық тоқ ішек полипозы;
- тоқ ішекке операция/полипэктомия жасалған болса (соның ішінде онкологиялық аурулар).
Қарсы көрсеткіштер (негізгілері):
- Науқастың ауыр халде болуы;
- Жүктіліктің ІІ-ІІІ триместрі;
- Ойық жаралы колиттің/крон ауруының күрделі ағымы.
Керек дерек
50 жасқа толғандар тоқ ішек қатерлі ісігінің скринингінен өтуі керек. Тоқ ішек қатерлі ісігіне шалдыққан науқастардың 85%-і – 60 жастан асқан адамдар.
Науқастың туыстарында тоқ ішектің бірінші дәрежелі қатерлі ісігі/полиптері болса, алғашқы профилактикалық колоноскопияны науқастың туысында қатерлі ісік анықталған жасқа дейінгі 10 жыл ішінде орындау қажет.
Емшара жергілікті анестезия немесе медикаментоздық ұйқы арқылы жүзеге асырылады.