«Қолды қытырлатсаң, сары су көбейіп кетеді немесе артрит ауруына шалдығасың» дегенді жиі естиміз. Содан қолды «қытырлатуға» қорқатынбыз. Әлі күнге дейін солай. Әйтпесе, қолыңды кинодағыдай сытырлатып мықты екеніңді көрсеткісі келмеген жан жоқ шығар.
Сонымен, қолды қытырлату мен сары судың көбейіп кетуінің арасында қандай да бір байланыс бар ма, артритке әкелу қаупі қандай?
Шындап келгенде, ешқандай байланыс жоқ, қолды сытырлату ауруға алып келмейді. Мұндай мифтің бетін сейілту үшін медицинада түрлі зерттеулер жасалған. Олардың бір де бірі қолды қытырлату ауруға алып келеді деген қорытынды шығармаған. Тіпті, профессор Дональд Унгер өзіне «тәжірибе жасап», 50 жыл бойы қолын «қытырлатып» жүрген. 50 жыл өткеннен кейін тексеру жүргізгенде, денсаулығында еш ақау болмағаны, артритке шалдықпағаны белгілі болды. Сол үшін оған 2009 жылы Шнобель сыйлығы табысталды.
Буындардың қозғалуына ыңғайлы болу үшін «майлап» тұратын денеде арнайы қою сұйықтық болады. Осы сұйықтықтың құрамында күкірт диоксиді, яғни, ерітілген газ бар. Қолды, саусақты, башпайды, тізені тез қысып, жылжытып қалғанда, сұйықтық қысылып, құрамындағы газдың көпіршіктері бөлініп, содан «сықыр мен қытыр» пайда болады. Қытырдың үні шығатын кезі де осы. Содан кейін небары 0,01 секундтан кейін көпіршіктің көп бөлігі қайта жинала бастайды. Ал қалғаны 15-20 минуттың ішінде сұйықтықта еріп бітеді. Қолды бір рет сықырлатқаннан кейін тағы қытырлата алмауымыздың себебі сол.
Саусақты қытырлатқанда буынға күш түспейді, сондықтан ауру әкеледі деуге болмас.