Көктемде ашыққан пайдалы

Көктемде ашыққан пайдалы
Фото: Wallpaper

Көктемнің адам ағзасы үшін жайсыздықтары да баршылық. Осы орайда мамандардың ұсынған кеңестерін есте ұстай жүргендеріңіз абзал.

Ағзаны тазартыңыз

Аллерголог-иммунологтардың пайымынша, адам қыста ет-сүт, ұн өнімдерін, тәтті тағамдарды жиі пайдаланады, оның үстіне де­не белсенділігі аз, қалың киі­неді, жылы жерде көп отырады, содан тері арқылы тыныс алу тежеледі. Сол себепті ағзада токсиндер көп жиналады. Өз кезе­гінде ол ағзаға жайсыз тиіп, ор­ган­дар мен жүйелердің жұмысын бұзады, осыдан ағза әлсі­рейді. Қуатты тамақты көп же­ген­діктен жануартекті ақуыздың сіңірілуі нашарлайды. Ет ағзаны қыш­қылдандырады, пато­ген­ді микрофлора туындауына жол ашады. Бұл кезде ағзаны тазартатын әрі қалпына келтіретін диета ұстанған пайдалы. Ол ағзаны ақуыз қақтарынан, пато­гендік микрофлора қалыптасуынан құтқарады. Жа­нуар­текті азықтан бас тарту ағзадағы қышқыл-сілті те­пе-теңдігін қал­пына келтіреді, иммундық жү­йені нығайтады, аллергиялық және аутоиммундық фонды қалпына келтіреді.

Диета ерте көк­темде мұ­рын­­нан бө­лінетін жал­қықты азай­­тады, теріге түрлі бөртпелер шығуынан сақтайды. Тек тым ашығып қалмай, тиісті диетаны дұрыс таңдай білу керек. Яғни ет, ұн, сүт өнім­дерінен гөрі бот­қалар, дәнді дақыл жармалары, көкөніс, жеміс-жидек пайдалы. Дәнді дақыл жармалары баяу сіңірілетін кө­мірсуларға бай, ағзаға күш береді, глюкозамен байытады. Онда жас­ұнық, В тобының дәрумендері, микроэлемент­тер мол.

Сонымен қатар көкөніс, тамыржеміс­ті­лер, бұршақтұқымдастар, кепті­рілген жемістер де пайдалы. Витамин жетіспеушілігінің орнын полидәрумендермен де толықтыруға болады. Әрине, істі өз бетімен емес, дәрігер кеңесіне жүгініп жүргізген жөн.

Суықтағанда жаңғақ жемеңіз

Ерте көктемде кей адамдар суықтап ауырады. Мұндайда кейбір азық түр­лерінен бас тартқан да дұрыс екен. Мы­салы, жаңғақтан.

Жаңғақ – өте қуатты, майлы жеміс.  Оны әсіресе тыныс жолдары суықтаған кезде жемеген дұрыс. Өйткені оның жо­ғарғы тыныс жолдарын тітіркен­діре­тін ерекшелігі бар.

Бұл кезеңде шикі көк­өніс­терді сырқат басталған немесе одан айығып келе жатқан кезде ғана жеуге болады. Өйткені ағза температурасы артып тұрған, ауру ширыққан кезеңде ішек жасұнықты қорыта алмайды, сондықтан көкөністерді буға пісіріп немесе бұқтырып жеген дұрыс. Апельсин, ман­да­ринді жемеген дұрыс. Себебі олар тамақты тітіркендіреді, бактерияларға пайдалы қышқылды орта туындатады.

Ішімдік, кофе де ішпеу керек. Спирт тек ауру басталып келе жат­қанда бактерияларға қарсы көмек­теседі, ал вирусқа қарсы онда түк те қуат жоқ. Оның үстіне ішімдік имму­нитетті әлсіретеді. Кофе болса ағзаны сусыздандырады, ал суықтаған кезде ағзаның сусыздан­ғаны өте зиян.

Бұл уақытта сүтке бал қосып ішкен де пайдасыз. Өйткені сүт өнімдерінің бәрі ағзада кілегей түзеді. Сондықтан тұмаудан айығуды, өкпеден қақырық бөлінуін тежейді. Тек куркума қосыл­ған майсыз йогурт, айран ішсе болады.

Кез келген тәтті тағам иммундық жүйеге әсер етеді, бактерия көбеюіне жағдай жасап, тамақта «пленка» түзеді. Мұн­дайда балды қолданған пайдалы. Ауыр­ғанда қуырылған ет, фастфуд жеген дұрыс емес. Ауыр тағам ағ­за­ның дертпен күре­сінде көмек бер­мейді. Сонымен қатар тұмау мен жөтелді емдеу кезінде картоп жемеген дұрыс. Өйткені онда қақырықты қоюлататын крахмал бар. Көкөніс қосылған тауық етінен жасал­ған сорпа пайдалы. Сілтілі минералды су, шөп шай, балғын сәбіз шырыны да жақсы әсер етеді.

Ұйқыға көңіл бөліңіз

Бұл кезде жатын бөлмені қара­көлеңке етіп ұстау керек. Ұйқыға жатардан кемінде 1 сағат бұрын теледидар, ноутбук, телефон атаулыны өшірген дұрыс, тоя тамақ ішпеген жөн. Күндіз Д дәруменінің түзілуіне жағдай жасап, күн астында көбірек жүрген жөн. Жүйке жүйесіне салмақтың аз түсуін қадағалау керек.

Таңертең бір мезгіл жүгіріп тұрған пайдалы. Мүмкін болса жүзумен, аэробикамен айналысқан абзал. Ағзаға салмақты бірден емес, біртіндеп қосқан дұрыс. Әсіресе еттен бас тартқан кезде ағзаға шамадан тыс салмақ түсіруге болмайды.

Киімді дұрыс таңдаңыз

Ерте көктемде көп адам қыс киімді бірден тастауға асығады. Осының нәти­жесінде суықтап ауыратындар қатары ар­тады.

Ондай жайсыздыққа ұрынбас үшін сырт киімді бірден емес, біртіндеп алмастырған абзал. Яғни жылы киімдерді ауа температурасы 15°С-тан ас­қанда ғана азайту керек.

Бұл кезеңде ылғалды ауа райын ескере отырып, ылғалды, суды сыртқа тебетін киім киген дұрыс. Ауа температурасы 6°С-қа дейін жылығанда киім қалыңдығы 20 миллиметр, 8-15°С болғанда 12-14 миллиметр болғаны дұрыс. Ішіне ауа аз кіруі керек.

Ерте көктемде және желді күндері жалаңбас жүрмеңіз. Құлаққа суық ти­гізіп алуыңыз мүмкін. Ал бронхит, ринит, ларингит секілді дерті барлар мойынорағыш тағып жүр­гені дұрыс

 zamana.kz

Н. Үсенова