Таңертең бір шыны кофе ішу көптеген адамдарға әдетке айналып кеткені жасырын емес. Мұны күні бойы сергек жүрудің кепілі деп түсінеміз. Алайда британдық ғалымдар кофені түс уақытында ішкенді пайдалы деп санап отыр.
Шын мәнінде адам ағзасы түс уақытында шаршап, әлсіздік сезініп, жұмысқа деген қабілет төмендейтін көрінеді. Дәл осы уақытта британдық ғалымдар бір шыны кофе ішу жайлы кеңес береді. Ғалымдардың айтуынша, бір шыны кофе сіздің «екінші тынысыңызды» аша түсіп, жұмысқа деген қабілетіңізді арттырады. Кофе құрамындағы кофеин ағзадағы аденозинді азайтып, мидағы нейрондардың жұмысын ретке келтіріп, есте сақтау қабілеті мен еңбекке деген шапшаңдықты жақсартуға септігін тигізетінін дәлелдеуде. Сонымен қатар, жаныңызға сергектік сыйлайтын бірден-бір тәсіл деп қарауды алға тартады.
Тағы да бір айта кететін жәйт, күніне төрт шыны кофеден артық ішу адам денсаулығына зиян екен. Әсіресе темекі шегетін, спортпен аз шұғылданатын жандар үшін қатерлі. Бұл туралы АҚШ ғалымдары өлім қаупіне алып келуі мүмкін деп те мәлемдеп отыр.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: rg.ru