Кеңсе жұмысы үлкен физикалық күшті қажет етпейді және улы заттары немесе иісі бар агрессиялық ортамен байланысты емес. Сондықтан бір қарағанда кеңсе жұмысшылары барлық жағымсыз жағдайлардан қорғалған секілді көрінеді. Бірақ кеңсе жұмысы бірден біліне бермейтін түрлі ауруларды шақыруы мүмкін.
1. "Құрғақ көз" синдромы
Компьютер алдында ұзақ отыру немесе көп құжат оқу осы синдромның дамуына әкеледі. Сондай-ақ оның пайда болуына ұзақ уақыт бойы көзді жыпылықтатпау және бөлме ішіндегі құрғақ ауа ықпал етеді. Егер көзіңіз тез шаршаса немесе шаншып ауырса, көз дәрігеріне қаралып, қарапайым жаттығулар жасауды бастау керек.
Белгілері: Көздің ішінде басқа зат бар секілді сезіну, қызару және көз айналасының қышуы.
Несімен қауіпті?
Адам еріксіз көзін уқалап, қаси беретіндіктен оның зақымдалу қаупі артады. Линза тағатын және көзілдірік киетін адамдар ғана бұл әрекеттен қорғаулы келеді. Бұл синдромды ұлғайтып алсаңыз, жақыннан немесе алыстан көрмеушілік орын алуы мүмкін.
Алдын алу жолы: Компьютер алдында жұмыс істеу уақытын бақылаңыз және көзді жыпылықтатуды ұмытпаңыз. Егер қайта-қайта үзіліс жасауға уақыт болмаса, ұялы телефонға әр 20 минут сайын көзді белсенді түрде жыпылықтату керегі туралы ескерту қою қажет. Сондай-ақ әр 20 минут сайын компьютерден бұрылып, алысқа қараңыз.
Мониторды реттеңіз. Монитор көз деңгейінде орналасуы керек. Жарық жеткілікті болуын қадағалаңыз. Шырышты қабықты ылғалдандыратын препараттар қолдануға болады. Егер дәрілік құралдарды қолданғыңыз келмесе, өсімдік негізінде жасалған табиғи тамшылар іздеңіз.
2. Арқа ауруы
Кеңсе жұмысшысы күнінің көп бөлігін отырыңқы күйде өткізеді. Сондықтан арқа мәселесі орын алады. Бұл жағдайды ыңғайсыз және дұрыс отырмау қиындатып жібереді. Адам компьютер алдында ұзақ отыру кезінде бүкірейіп, басын алға қарай жылжытып отқанын байқамай да қалады.
Белгілері: Қозғалыссыз жұмыс омыртқааралық дисктердің өзгеруіне және жүйке жүйелерінің қысылып қалуына әкеледі. Сондықтан қызметкерлер арқа, қол, мойын және аяқ ауруларына шағымданады.
Несімен қауіпті?
Үнемі дұрыс отырмау буындар мен бұлшықеттердің қысылуына әкеледі. Ал ол өз кезегінде созылмалы бұлшықет және бас ауруларының пайда болуына ықпал етеді.
Алдын алу жолы: Бір қалыпта ұзақ отырмауға тырысыңыз. Әр 20-30 минут сайын орныңыздан тұрып, қол-аяқтарыңызды қозғап, омыртқаны созу керек.
3. Тамырлардың түйнеліп кеңеюі
Кеңсе қызметкерлерін жиі мазалайтын аурудың бірі – варикоз. Ұзақ отыру аяқ көктамырларына қосымша қан жиналтады. Ал оның жиналып қалуы тамырлардың түйнеліп кеңею қаупін арттыруы мүмкін.
Белгілері: Қан дұрыс айналмайтын жерлер, әдетте, қышиды немесе шаншиды. Оны уақытында емдемеу көктамырлардың ісіп, шығып кетуіне әкеледі. Ол теріде көгеріп көрініп тұрады.
Несімен қауіпті?
Варикоздың ұлғайған түріне (көктамырдың жарылуы кезінде) хирургиялық араласу қажет болады.
Алдын алу жолы: Ең қарапайым ұсыныс – бір орында ұзақ тұрмау және ұзақ отырмау. Мүмкіндік болса, әр жарты сағат сайын аздап жүріңіз немесе баспалдақпен көтеріліп, түсіңіз. Күннің соңында аяқты жоғарып көтеріп, 30 минут шамасында жатыңыз. Содан соң аяғыңызға массаж жасаңыз.
4. Буындар ауруы
Бір орында отырып жұмыс жасайтын адамдардың көпшілігі буындар ауруына (тізе, иық, мойын) шағымданады.
Белгілері: Буындардың тартып ауыруы, қозғалу кезіндегі қалыпсыз дыбыстар және ісіну.
Несімен қауіпті?
Ол остеоартроздың белгісі болуы мүмкін. Ол кей жағдайда буындар жұмысының бұзылуына және қозғалыстың шектелуіне әкеледі. Сондықтан дәрігерге уақытында қаралып, емді бастау маңызды.
Алдын алу жолы: Жаттығу залына баруға уақыт бөліңіз, ең болмағанда, ұзақ жаяу жүруді әдетке айналдырыңыз. Ең дұрыс шешім – күнде таңертең және кешке йогаға жарты сағат уақыт бөлу.
5. Білек бөлігінің синдромы
Білек буынының синдромы пернетақтада көп жазатын және ұзақ уақыт тышқанмен жұмыс істейтін адамдарда пайда болады.
Белгілері: Саусақтар ұйып қала береді. Сондай-ақ кейде алақан жағынан тартып ауырады. Біреулерде саусақтар ауыруы иыққа беріледі.
Несімен қауіпті?
Егер бұл белгілерге ұзақ уақыт мән бермесеңіз, қолдың буыны мен мидан белгі әкелетін радиал жүйкелер зақымдалуы мүмкін. Қарапайым сөзбен жеткізетін болсақ, бұл синдромды емдемеген адамның жалпы қол буыны әлсіреп, уақыт өте заттарды ұстай алмауы мүмкін.
Алдын алу жолы: Компьютерді анатомиялық ыңғайлы болатындай орналастырыңыз. Қан айналымды реттеу үшін қолыңызды арасында төменге түсіріп қойыңыз.
6. Сусыздану және тез шаршау
Ғимараттағы ауа ылғалдылығының дұрыс деңгейі адам хал-жайының және көңіл күйінің жақсы болуы үшін өте маңызды. Қыста батареялар, ал жазда кондиционер қолданған кезде ауа құрғақ бола түседі. Сондықтан қан айналым жүйесі бойынша оттек айналымы бұзылады. Нәтижесінде, адамның ұйқысы келеді және тез шаршай береді. Сусыздану кезінде де осындай жағдайлар орын алады.
Белгілері: Нашар зейін, күннің соңындағы қатты шаршаңқылық, дененің ауыруы, құрғақ тері, буындар құрысуы.
Алдын алу жолы: Көбірек газдалмаған таза су ішіңіз.Көкөністер, жемістер және жаңғақтарты жиі жеңіз. Ауа ылғалдандырғыш сатып алыңыз.
7. Гастрит
Асқазан шырышының қабынуы дұрыс тамақтанбаудан және күйзелістен пайда болады.
Белгілері: Асқазан тұсының күйіп ауыруы, "қышқылды" кекіру, нашар дәрет, жүрек айну.
Несімен қауіпті?
Гастрит асқазан жарасына әкеліп, ол тесілген жараға айналса, қансырау немесе іш пердесінің қабынуы басталады.
Алдын алу жолы: Тамақтану режимін сақтаңыз. Таңертең ұйқыдан тұрған кезде бір стақан су, ал күні бойы 2-2,5 л су ішуге тырысыңыз. Уақытылы әрі үйлесімді тамақтаныңыз. Күнде бір уақытта тамақтануды әдетке айналдырған жөн. Жұмысқа үйден тамақ әкелуге тырысыңыз.