- Негізгі бет
- Денсаулық
- Кеңсе қызметкерлері денсаулығын...
Кеңсе қызметкерлері денсаулығын қалай күтуі керек?
Үнемі компьютердің алдында отыратын кеңсе қызметкерлері денсаулықтарының қаншалықты нашарлап бара жатқанын байқамайды. Ағзалары физикалық тұрғыдан шаршап, жүйке жүйесі бұзылады. Ал мына заманда жұмыссыз өмір сүру мүмкін емес. Төмендегі кеңестеріміз кеңсе қызметкеріне жан мен тән денсаулығын қалпына келтіруге көмектеседі.
Күніне 5 километрдей жаяу жүруге дағдыланыңыз. Жүріп келе жатып миды шаршататын қиын мәселелерді ойламаңыз. Жәй ғана айналаңыздағы өмірді бақылаңыз. Әсіресе, жүзінен қуаныштың ізі байқалатын жандарға көбірек қараңыз. Осылайша миыңызды демалдырасыз. Және бұлшық еттеріңіз де қалпына келеді. Отырғанға қарағанда жүрген кезде омыртқаға салмақ аз түсіп, қан айналымы жақсарады.
Кеңсе қызметкерлері нені білуі керек?
Компьютер алдында көп отыратын адамның бірінші кезекте көздеріне, омыртқасына және білегіне зақым келеді. Осы дене мүшелеріне көбірек көңіл бөлген жөн. Біріншіден, компьютердің алдында күніне 5-6 сағат қана отырған дұрыс. (Өкінішке орай біздер тәулігіне 8-10 сағат отырамыз). Әрбір 40 минут өткен сайын көздеріңізді демалдырып отырыңыз. Орныңыздан тұрып, терезеге жақындаңыз. Сыртта не болып жатқанын қараңыз. Терезенің алдында көзіңізді жұмып тұрып қабақты уқалаңыз. Уқалап болған соң, көздеріңіз жұмылған күйі жоғары-төмен қараңыз.
Екінші орынды омыртқамыз алады. Әрине өзге қызметкерлер жанымызда отырғанда жаттығу жасауға ұяламыз. Сондықтан ең алдымен орындықта дұрыс отыруды үйреніп алғанымыз абзал. Аяқтарымыз бен қолдарымыз 90 градуста, ал омыртқамыз отырған орындықтан 20 градус қиғаштықта орналасуы тиіс. Білек пен саусақтарыңыз шаршамау үшін оларды үстелдің үстіне қойыңыз. Осы ережелерді сақтамасаңыз, жүйкеңізге зақым келіп, ота жасатуыңызға тура келеді.
Бастың ауруы да осы дұрыс отырмауымызбен байланысты. Қан айналымы дұрыс жүрмесе, бедеулікке шалдығуыңыз мүмкін. Мойныңызды иықтарыңызға тигізіп, оңға-солға көлденеңнен бұрыңыз. Тыныс жолдарын ретке келтіру үшін иықтарыңызды қозғалысқа түсіретін жаттығулар жасаңыз. Бұл жаттығуды үйде теледидардың алдында отырған кезде де орындауыңызға болады. Таңертең жүгіріп, жаттығу жасай алмайтын адамдар кальций витаминдерін, сұйықтығын пайдалануына болады.
Ал кальций сұйықтығын қалай жасауға болатынын білесіз бе?
Ол үшін 7 жұмыртқа, жарты килограмм лимон, жарты стақан бал және жарты стақан қызыл шарап қажет. Жұмыртқаның сыртын жуып, артынша лимон шырынымен араластырып бірнеше тәулікке тоңазытқышқа салып қоямыз. Жұмыртқа түгелімен еріген кезде бал мен қызыл шарапты қосамыз. Жасалған сұйықтықты 2 ай бойы кешкі астан 1 сағат бұрын ішіп отырамыз.
Жүйке жүйесін тынышталдыру үшін
Денсаулығымыз жүйке жүйесімен тығыз байланысты. Күйзеліс бұлшық еттерді зақымдаса, өкпе мен реніштің арты оба аурына алып келуі ғажап емес.
Күніңіз сәтті өту үшін көтеріңкі көңіл-күймен ояныңыз. Ал ол үшін түнгі ұйқыңыз тыныш болсын. Жастығымыздың мойын астында орналасатын бөлігі 5-7 сантиметр, ал қалған жері 2-4 сантиметр болуы тиіс.
Жақсы көңіл-күймен оянсаңыз да жұмысқа барғыңыз келмей тұр ма? Жұмысты міндетім деп емес ойламаңыз, алған жалақыма қалаған затымды алып, ұнатқан жеріме барып демаламын деп қараңыз. Алдыңызға жұмысқа қатысты мақсат қойып, соған жету үшін талпыныңыз. Және ең бастысы әріптестеріңіздің қателіктерін кешіре біліңіз. Оларға кек сақтамаңыз. Біреу ренжітсе, өтірік жымия салудың қажеті жоқ. Әрине, жұдырық ала жүгіріңіз демейміз, орнына реніштеріңізді қағазға жазып, оны аяусыз жыртып тастаңыз.
Бұдан кейін өміріңіздегі бақытты сәттерді дәптерге жазып отырыңыз. Біреуге ашуланған кезде сол дәптерге қарап, жақсы күндеріңізді еске алатын боласыз. Өзгерісті уақыт өте келе түсінесіз.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: liveinternet.ru
Қ. Бүйенбай