Кеңсе қауіптері

Кеңседегі жұмыс сырт көзге оңай әрі қауіпсіз болып көрінеді. Кеңсе қызметкерлері қарақшыларды ұстап, өрт сөндірмесе де, бұл жұмыстың да өзіндік зияны жоқ емес. Егер сіз күні бойы кеңседе отырып, монитордан көз алмайтын болсаңыз, абай болыңыз. Сізге мынадай қатерлер төніп тұр.

Құрғақ ауа

Кондиционер мен желдеткіштерден шығатын жасанды ауа айналымы әсерінен тері, шаш зақымданып, тіпті суық тиіп, көз бен мұрын шырышы қозуы мүмкін. Теріңіз жасанды желдету әсерінен құрғап, көзіңіз жасаурайды. Бұндай қиындықтарға тап болғыңыз келмесе, жұмыс орнында термалды су ұстап, оны теріңіз бен жұмыс орныңызға анда-санда шашып тұрыңыз. Көзіңізге арнайы тамшылар алып қойыңыз, ең дұрысы бастығыңызды ауа дымқылдаушысын алуға көндіріңіз.

Монитор 

Монитордың алдында күні бойы отыру зиян екені айтпаса да түсінікті. Бір нүктеге күні бойы қарап, компьютерден тұрғанда алысқа қарай алмай, көзіміз жасаурайды. Монитор алдында өткізілген бірнеше айдан кейін жалпы көру қабілеті нашарлайды. Бұдан сақтанудың бірден-бір жолы - антиблик көзілдіктері. Жұмыс барысында өзіңізге кішігірім демалыс беріп, көз жаттығуларын істегеніңіз жөн.

Бір орында отыру

Күнделікті бір қалыпта қозғалмай отыру қан айналымын бәсеңдетеді. Ал ол өз кезегінде күретамырлардың варикозды кеңеюіне, целлюлит және басқа да ауруларға шалдықтырады. Әрине жұмысыңыздың талабы күнімен бір орында отыру болса, бұл қауіпке төтеп беру қиын. Алайда бос уақытыңызды жаяу жүріп серуендеумен өткізіңіз, лифт атаулысын ұмытып, әріптестеріңізге қоңырау шалғанның орнына, бір-екі қабат жаяу жүріңіз. Түскі аста міндетті түрде көшеге шығып, серуендеп, керек болса, кеңсенің ішіндегі баспалдақтармен жоғары-төмен жүгіріп өтіңіз.

Сурет: sclinic.dp.ua