Кенеден қорғану жолдары

Кенеден қорғану жолдары
Фото: РИА Новости

Әлемде кененің 54 мыңнан астам түрі тіршілік етеді екен. Кіп-кішкентай ғана кенелер қыс келгенде құнарлы жерлерге түсіп, ұйқыға кетеді. Күн жылып, көктем келісімен әдеттегі тіршілігіне оралады. 

Күн шуағымен тауға серуендеп, көкке шығатынымыз бар. Егер қауіпсіздік ережесін сақтамасаңыз жайлы отырысты кішкентай ғана кене құртуы мүмкін. Кененің басым бөлігі орманды жерде, ағаштың көлеңкесінде тіршілік еткенді ұнатады. Ал ит кенесі тауда не шабындықта да өмір сүре береді екен. 

Қазақстанда кенелер Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында көктем-жаз айларында кенелер жиі кездеседі. Сондай-ақ, таулы аймақ болып саналатын Қатон-Қарағай ауданында да тіршілік етеді. 

Кене шаққанның басты белгілері:

- дененің қалтырауы;
- кейде дене қызуы 37-39 градусқа дейін көтеріледі:
- терінің бөртіп қызаруы;
- бастың қатты ауыруы;
- бұлшықеттің ауыруы;
- әлсіздік;
- тәбеттің жоқтығы;
- тыныс жолдарының қабынуы. 

Кене шақпауы үшін қалай киіну керек?

Соңғы уақытта әлем бойынша кене шағу фактісі екі есе артқан. Әдетте кенелер аяқтан жоғары қарай өрмелейтіндіктен көкке не серуенге шыққанда үстіңізді толық жауып тұратын киім киген абзал. Шалбардың балағын аяқ киімнің ішіне не шұлыққа, үстіңізге киген футболка не жейдеңізді шалбардың ішіне салыңыз. Басыңызға міндетте түрда бас киім киіңіз. Оған қоса жеңі ұзын жейде не футболканы таңдаңыз. Сондай-ақ, барынша ашық түсті киім киюге тырысыңыз, өйткені тексергенде ашық түсті киімде кенені тез байқайсыз. Серуеннен қайтып келген соң, денеңізді мұқият қарап шығыңыз, шашыңызды тарақпен тараңыз.

Кене адам терісіне жабысқан соң, жарты сағаттай шағатын жерді іздейді. Көбіне бас, мойын, қолтық, тізенің астын шағады екен. 

Сонымен қатар қауіпті жәндіктерден қорғайтын кремдер мен спрейлерді пайдаланыңыз. Кене энцефалитіне қарсы екпе салуға да болады. 

 
А. Рысдәулет