Кең тараған 8 тұқым қуалайтын ауру

Бала ата-анасы мен жақын туыстарынан сырт келбеті мен мінезінің ерекшеліктерін ғана емес, ауруларды да алады. Ғалымдар алты мыңнан аса тұқым қуалайтын ауру барын айтады. Олардың кейбіреулері есейген кезде пайда болып, бірнеше ұрпаққа берілуі мүмкін. Кең тараған 8 тұқым қуалайтын ауруды ұсынамыз.

Қант диабеті

Егер сізге қант диабеті диагнозын қойған болса, отбасыңызда бұл ауруға шалдыққан адам бар болғаны әбден мүмкін. Егер баланың әкесі де, шешесі де қант диабетімен қиналған болса, онда аурудың балаға берілу қаупі 70%-ға дейін барады.

Бұл ауру сондай-ақ бірнеше ұрпақ арқылы берілуі мүмкін. Әке-шешеңіз сау, бірақ ата-әжеңіз диабетпен қиналған болса да, денсаулығыңызды уақытылы тексертіп, қандағы қант деңгейін бақылап тұрған жөн.

Гипертония (жоғары қан қысымы)

Жас кезінен гипертониямен қиналатын қандас туысқандарыңыз болса немесе отбасыңызда біреу 40 жасқа дейін инфаркт немесе инсульт алған болса, ауырып қалу қаупі жоғары. Гипертония жиі анасы жағынан беріледі. Бірақ әкесінен де берілуі мүмкін.

Сығырлық (алыстан нашар көру)

Сығырлық — жиі тұқым қуалайтын кең тараған аурудың бірі. Егер баланың әкесі де, анасы да жастайынан сығырлықпен қиналса, оның да осы проблемаға шалығу мүмкіндігі бірнеше есе артады. Бұл проблеманың пайда болу қаупін азайту үшін балаға көз бұлшықеттерін қатайтуға арналған жаттығуларды жүйелі түрде жасату керек және монитор алдында ұзақ отырмауын қадағалау қажет.

Онкология

Онкологиялық аурулар да тұқым қуалауы мүмкін екені дәлелденген. Тіпті, бұл жағдай отбасыда бір рет орын алған болса да, ол келесі ұрпақта онкологияның даму қаупін екі есе арттырады. Ұрпақта жиі дәл сол патология анықталады.

Егер онкологиялық аурумен ауыратын туысыңыз бар болса, уақытылы тексерістерден өтіп, денсаулығыңызды бақылауда ұстауға тырысыңыз.

Бас сақинасы (бас ауыруы)

Көп жағдайда бас сақинасы тұқым қуалау арқылы беріледі. Бұл ата-анасы мен баласының тамырлы құрылымының ерекшелігі бірдей болуымен байланысты. Егер бас сақинасымен ата-анасының біреуі қиналса, баланың онымен ауыруы шамамен 14%-ды құрайды, ал екеуі де бас сақинасымен ауырса, оның балаға берілуі 80%-ға жетеді.

Остеопороз

Етеккірі ерте тоқтаған әйелдерде және шылымқор, кофе көп ішетін, салмағы өте аз адамдарда остеопороздың даму қаупі жоғары. Сондай-ақ, олардың қатарына отбасысында осы ауруға шалдыққан адам барлар жатады.

«Остеопороз» диагнозы сүйектері өте әлсіз адамдарға қойылады. Бұл аурумен қиналатын адамдардың сүйектері кез келген уақытта сынып кетуі мүмкін. Бұл ауруға жиі 50 жастан кейін шалдығады.

Депрессия

Психикалық денсаулыққа қатысты проблемалар көптеген себептермен дамуы мүмкін. Тұқым қуалайтын фактор — солардың бірі. Депрессияны жеңуге болады. Егер сезімдеріңізді бақылай алмасаңыз, тәуелді болсаңыз және дұрыс ұйықтай алмасаңыз, психологқа қаралу керек.

Альцгеймер ауруы

Альцгеймер ауруы дамуының мүмкін себептерінің бірі — тұқым қуалау. Деменцияның бұл түрімен ерлер де, әйелдер де ауырады. Бірақ бұл ауруға туысқандарыңыз шалдыққан болса да, оның сізде даму қаупін азайтуға болады. Ол үшін салауатты өмір салтын сақтау керек және қандағы холестерин деңгейін бақылау қажет. Бастысы, ми жұмысын ынталандыру үшін жаңа бірдеңе үйренуді тоқтатпау керек.