Қазір коронавирусқа қарсы ревакцинация қажет пе?

Дәрігер бір жыл бұрын вакцина алғандарға коронавирустан ревакцинация қаншалықты керек екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Еске салайық, соңғы бірнеше аптада елде коронавирус жұқтыру көрсеткіші жылдам төмендеп жатыр. Күн сайын тіркелетін жағдайлардың саны тәулігіне 10-20-дан аспайды. Сонымен қатар, елде халықты жаппай вакцинациялау науқаны басталғаннан бері бір жылға жуық уақыт өтті. Халықтың кей тобы вакцинацияны ертерек бастап кетті. 

Медицина ғылымдарының кандидаты және Caspian International School of Medicine профессоры Рафаиль Қыпшақбаев сырқаттанушылықтың төмендеуіне қарамастан, ревакцинация қажет екенін атап өтті. Эпидемиологтың сөзінше, коронавирус ешқайда кеткен жоқ, ол дами береді және бізбен қалады. Вирус қаупінің төмендеуі, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары, қарт адамдар, созылмалы аурулары бар пациенттер, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар арасында ревакцинация қажет екенін жоймайды.

"Кейінгі оқиғаларға байланысты ақпараттық кеңістікте вирус туралы аз айтыла бастады, бірақ ол жойылған жоқ. Бір жылдан кейін вакцинацияланғандардың иммунитеті әлсірейді. Бұл вакциналар нашар дегенді білдірмейді, антиденелер пайда болғаннан кейін уақыт өте келе олардың титрі төмендейді, бұл табиғи процесс. Вакцинаны жылына кемінде бір рет тұмауға қарсы екпе секілді жаңартып отыру қажет", - деді Рафаэль Қыпшақбаев.
Эпидемиологтың айтуынша, әсер ету механизмі бірінші вакцинадан өзгеше препаратты салдырған жөн. Мысалы, бірінші "Спутник V" немесе Pfizer салдырсаңыз, QazVac таңдаған дұрыс. Сонымен қатар, вакцинаны бір жыл бұрын алсаңыз да ревакцинация үшін бір доза жеткілікті.

"Елімізде бар қазіргі вакциналар жаңа штамдарға қарамастан тиімділігін жоғалтпады. Себебі коронавирустың мутациялары сол бір штамнан шығады. Біздің қазір пандемияны сезбей, шектеулерсіз өмір сүріп жатқанымыз вакцинация науқанының, соның ішінде ұжымдық иммунитет қалыптасуының арқасында. Біз қазір ревакцинация жасамасақ, вирус оралуы мүмкін", - деді Рафаэль Қыпшақбаев.