Қазақстандықтар жекеменшік ауруханаларда тегін емделеді

Мемлекеттік медициналық сақтандыру қоры жұмысын бастаған соң, қазақстандықтар осы қормен келісімшартқа отырған жекеменшік емханаларда тегін емделе алады.

Бұл туралы бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасында денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жөніндегі отырысқа қатыса отырып, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Ержан Біртанов мәлім етті деп жазады Қазақпарат.

Вице-министр түсіндіріп өткендей, мемлекеттік-жекеменшік сектор аясында жаңадан салынатын денсаулық сақтау нысандарының инвестициясы 5-7 жылдан бастап 20 жыл ішінде түгел қайтарылады.

Ал, қазір жұмыс істеп тұрған денсаулық сақтау нысандарын мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қалай тартамыз деген мәселеге тоқталған ол: «екінші бір жаңалық - қазір жұмыс істеп тұрған әртүрлі денсаулық сақтау мекемелерін мемлекет тарапынан жекеменшік секторға тапсыру мәселесі. Бұл жағдайда біз инвестициялық тариф енгізбейбіз. Келесі жылдан бастап мемлекеттік медициналық сақтандыру қоры жұмысын бастайды. Сол кезде халық жекеменшік медициналық ұйымдарда тегін емделе алады. Тек ол медициналық ұйым осы сақтандыру қорымен келісімшарт жасасуы керек. Қазір жекеменшік емдеу орнына бару үшін халық өз қалтасынан ақша шығарады. Ал, қор жұмысын бастаған соң, яғни, келесі жылдан науқас қалтасынан ақша төлемейді. Жекеменшік емхана науқастың ем алған бағасын сақтандыру қорына жібереді, осылайша, оның кеткен шығынын қор төлейді. Тек барып ем алған мекеме қормен келісімшарт жасауы керек», - деп түсіндірді.

Вице-министр атап өткендей, СПИД орталықтары, туберкулез диспансерлері мен психикалық ауытқуы бар науқастарды емдейтін орындар жекеменшікке өтпейді.

Дерек көзі: Nur.kz