Ерлер сауатты жыныстық қатынас дегенді білмейді, білседе оны ұстана бермейді. Соның кесірінен түрлі инфекциялар жұқтырады. Мамандардың айтуынша, ер адамда кездесетін инфекциялар алғашқыда белгі бермей, жасырын түрде асқынады. Оның салдары түрлі ауруларға ұласады. Осы орайда Massaget.kz порталының тілшісі уролог-андролог Құрманбеков Тұрармен ерлерде кездесетін инфекциялар тақырыбында тілдесті.
Ер адам өзінде инфекция бар екенін қалай біле алады?
Урологтың айтуынша ерлерде анықталатын негізгі 9 инфекция бар. Алдымен соларды анықтап алу керек екен.
"Жыныстық инфекция" деп аты айтып тұрғандай олар жыныстық жолмен беріледі. Бұларды тағы да ЖЖБИ (жыныстық жолмен берілетін инфекциялар) деп те атайды. Олардың түрі өте көп. Негізі анализ арқылы анықталатын 9 түрі бар. Көп жағдайда белгі бермейді, жасырын жүреді. Сол себептенде біз жаңадан үйленейін деп жатқан жастарға мазаласын-мазаламасын міндетті түрде анализ тапсыруға кеңес береміз", - дейді уролог-андролог Құрманбекова Тұрар.
© orekhovo.clinic
Қандай жағдайда белгі береді?
Ең көп жұқпалы аурулар қатарына "Гонорея" жатады, оны кейде "жіңішке" деп те атайды. Ересек адамдарға ауру жыныстық қатынас кезінде, ал балаларға дерт ата-анасынан ( босану кезінде) жұғады. Кейде ауру науқас адаммен бір төсекте жатса, оның сүлгісін, ыдыс-аяғын пайдаланса да жұғуы мүмкін. Ауру еркектерде үрпіден, әйелдерде жатыр мойнынан басталады.
"Халықтың арасында оны "трипак" деп те атайды. Негізгі атауы – гонорея инфекциясы. Жыныстық қатынастан кейін 2-3 күннен соң белгі бере бастайды. Басты белгісі – үрпіден ірің ағу, болмаса қандай да бір сұйықтықтың бөлінуі (сарғыш, ақ т.б). Сосын зәр шығаратын каналдың қышуы немесе мүшенің айналасына әртүрлі бөртпелердің шығуы. Егер осындай себептер болса ерлердің міндетті түрде маманға жүгінгені абзал", - дейді уролог.
Негізгі белгілер қандай?
• жыныс мүшесінен сұйықтық пен іріңнің бөлінуі;
• жыныстық қатынас кезінде ауырсыну;
• жыныс мүшесінің ашып және қышуы;
• қуықты босату кезінде ыңғайсыздық пен ауырсыну;
• іштің төменгі бөлігіндегі жеңіл ауырсыну.
Айта кетейік бұған дейін уролог ерлерде жыныстық құштарлықтың төмендеуінің екі себебін атаған болатын.