Медицина қызметкерлері мерекесі қарсаңында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен Туберкулез проблемалары ұлттық орталығында журналистер үшін ашық есік күні өтті. Журналистер бір күн бойы онкологтар мен фтизиатрлардың қызметін атқарып, дәрігерлердің жұмысын бақылады. Тіпті күрделі ота жасауға да қатысты. БАҚ қызметкерлеріне әлеуметтік маңызы жоғары екі ауруды алдын ала анықтау және оны емдеудің инновациялық технологиялары мен әдістері көрсетілді.
Туберкулез – әлем елдерінің жазылуы өте қиын сырқат түрінің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметтері бойынша әлемде 8,6 миллионға жуық адам туберкулезге шалдықса, оның ішінде жарты миллионы көпдәріге төзімді түрімен ауырады, ал 1,3 миллион адам осы аурудан көз жұмады.
Туберкулез проблемалары ұлттық орталығында журналистер отандық медицина саласының қызмет көрсетуін дүниежүзілік стандарттарға сай етіп жасалғандығын көзбен көріп, қолмен ұстады. Науқастар ем-дом шараларын арнайы дәрігерлердің анықтаған ауру түріне байланысты қабылдайды екен. Олар науқастың диагнозын "Hain-test, GeneXpert" деп аталатын арнайы инновациялық лаборатория технологияларының көмегімен анықтайды. Сараптамаға 2 сағат уақыт кетеді. Ол дегеніңіз, ауруды неғұрлым тез анықтасаңыз, соғұрлым ауруды таратпай, уақыт ұтып, асқындырмай, емдеу шараларына бірден кірісіп кетуге мүмкіндік аласыз деген сөз.
Туберкулезге қарсы қызметті қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. 2013 жылы мемлекеттік бюджеттен 35472,2 миллион теңге бөлінді. Соңғы үш жылда қаржыландыру 3 есеге артты. Оған қоса, туберкулезге шалдыққан науқастарды жаңа технология мүмкіндіктерін пайдаланып емдеу дұрыс жолға қойылды.
Туберкулез проблемалары ұлттық орталығы директоры, медицина ғылымдарының докторы Тілеухан Әбілдаев: «Біз дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ақылдаса отырып, науқасты емдеу мен сырқаттан алдын алу шараларын, қазақстандық медицина институттарымен байланыс жасап, арнайы ем жасау түрлерін дамытудамыз. Қазақстан соңғы он жылда сырқаттану көрсеткішін 54,4 пайызға, ал өлім көрсеткішін 72,8 пайызға төмендеткен. Бұл көрсеткішке ТМД мемлекетін айтпағанда Еуропа елдері де қол жеткізе алмай келеді. Қазақстан – әлемдегі туберкулез ауруына шалдыққан адамдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін жалғыз мемлекет. Оған қарамастан, Үкімет туберкулезбен күресу мақсатында 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылдады. Бұл бастаманы ДДҰ қолдады. Біз медицина маманы ретінде қолда бар мүмкіндіктің барлығын пайдалануға тырысып бағып жатырмыз. Сол себептен де медицина қызметкерлері туберкулезге қарсы бағдарламалар аясында БАҚ қызметкерлерімен әріптестік қарым-қатынас орнатып, халықты ақпараттандыру мен денсаулығын күту мәдениетін жоғарылатуға бірге жұмыс істеуге шақырады».
Қазақстандық дәрігерлердің мұндай жоғары көрсеткішке қол жеткізуі 2012-2016 жылдарға арналған мемлекеттік онкологиялық көмекті арттыру мен туберкулезбен күрес Ұлттық бағдарламалары аясында жүзеге асты.
Оқи отырыңыз:
Көзді демалдырудың 4 амалы
Инсульттен сақтанудың жолдары
Арнайы Massaget.kz үшін: Нұрбол Нұрмаханұлы, Қарлыға Бүйенбай
Сурет: Massaget.kz