Қазақстанда қотырды жазатын дәрі сынақтан өтіп жатыр

Қазақстанда қотырды жазатын дәрі сынақтан өтіп жатыр
Фото: ozon.ru

Назарбаев Университетінің ғалымдары теңге қотырды (псориаз) жазатын жаңа дәрі жасап, сынақтан өткізіп жатыр, деп хабарлайды Massaget.kz.

Дәріні НУ-дың National Laboratory Astana зертханасының биоинженерия және регенератив медицина бөлімінің мамандары жасаған. Ғылыми зерттеуді Назарбаев Университетінің Коммерцияландыру кеңсесі қолдаған.

"Жолдасымның денесінде теңге қотыр бар, жараны жазуға деген қызығушылық содан пайда болды. Жараны жазатындай ем табу үшін түрлі таңу амалдарын ойластырдық. Сондай дәрілік заттардың бірі жақсы нәтиже көрсетті", - дейді зерттеушілердің бірі.

Зерттеушінің айтуынша, теңге қотырды жазатын дәрінің көбі тиімсіз, емі жоқ.

"Теңге қотыр тез жазылатын жара емес. Әшейінгі жара жазыла бастағанда, жараның орнына жаңа тері өсіп шығады да, эпителизация процесі тоқтайды. Ал теңге қотырдікі ұзақ жазылады, терінің орнына тері шығып, түйіншек қаптап кетеді. Сондықтан кішкене ғана теңге қотырдың өзі көбейіп, оған шалдыққан адамның терісі күбіртіктеніп, жара ошағына айналады", - дейді зерттеуші.

Ал қазақстандық ғалымдар ойлап тапқан дәрі эпителизация (жараның үстіне тері өсу) процесін тоқтатуға арналған.

"Мұндай препарат медицинада жаңалық емес, қолданыста жүрген құрам. Көбіне көктамырға инъекция түрінде салынады. Ал жараның үстіне жағатын таңба дәрі ретінде еш жерде қолданылмаған", - деп түсіндірді әзірлеушілер.

National Laboratory Astana зерттеу тобы Назарбаев Университетінің Astana Business Campus технопаркі базасындағы ABC Incubation бизнес бағдарламасына қатысқан. Бағдарлама аяқталғанға дейін зерттеушілердің псориазға қарсы дәрілік затты ойлап тауып, оның тиімділігі мен коммерциялық потенциалын дәлелдеуге мүмкіндігі туды.

Дәрінің атауы – А-псорин. Қазір зерттеушілер дәрінің биоқауіпсіздігін дәлелдеу үшін 120 адамға сынақ жасап жатыр. Сынақ 2021 жылдың ортасына дейін өткізіледі.

Псориаз немесе теңге қотыр – созылмалы тері ауруы, бірақ жұқпалы емес. ДДҰ-ның мәліметтеріне сүйенсек, әлемде бұл ауруға 100 млн адам шалдыққан екен. Ал Қазақстанда 363 мың адам. Науқастардың 78%-і теңге қотырды жазатын дәрінің жоғына, аз кездесетініне наразы.

Қ. Слямбек