Қай мамандық иелері аз ұйықтайды?

Қай мамандық иелері  аз ұйықтайды?
Фото: Expansión
Ұйқының сапасына күнделікті тағамға пайдаланылатын азық-түлік өнімдерінен бастап, жатын бөлмесінің жарықтандырылуына дейін көптеген факторлар ықпал етеді. Бұдан басқа жаңа зерттеу ұйқының сапасы мен ұзақтығына адамның айналысатын кәсібі де ықпал ететінін анықтады.

Hillarys британдық үйге арналған тоқыма бренді қай мамандық иелерінің ең аз ұйықтайтынын анықтау мақсатында 5 мыңнан астам адам қатысқан зерттеу жүргізді.

Нәтижесінде көбіне ұйқысы қанбайтын 5 мамандық өкілдері анықталды. Рейтинг басында медицина қызметкерлері көш бастап тұр – олар тәулігіне орташа есеппен 4 сағат 15 минут шамасында ғана ұйықтайды. Одан кейін орындарға құқық қорғау органдарының қызметкерлері (шамамен 4 сағат 30 минут), педагогтар (4 сағат 50 минут) жайғасты. Сонымен қатар, ұйқылары қанбайтын мамандық өкілдерінің үздік бестігіне журналистер мен қызмет көрсетуші мамандар да енді.
 
Өз кезегінде, визажистер мен шаштаразды қоса алғанда сән индустриясы өкілдерінің ең көп ұйықтайтыны анықталды – тәулігіне 9 сағат 40 минут. Басқаларға қарағанда ең ұзақ ұйықтау мүмкіндігі бар мамандық иелерінің бестігіне телефон сататын менеждерлер, сақтандыру саласы мен бөлшектік сауда қызметкерлері, сонымен қатар құрылысшылар енді.

Зерттеу барысында қатысушылардың 89% өздерінің ұйқылары қанбайтынын атап өткен. Ұйқының сапасына кері әсер ететін ең көп таралған себептің қатарында күйзеліс пен құрамында кофеині бар сусындарды мөлшерден тыс тұтынуды атап өткен. Бұдан басқа зерттеуге қатысушылардың жартысынан көбі ұйқының нашар болуының негізгі себебі ретінде денсаулық жағдайы мен өздерін нашар сезіну мәселелерін атаған.
 
Н. Үсенова