Қатерлі ісіктің алғашқы белгілері дене мен теріден байқалуы мүмкін. Тіпті, әртүрлі жерден шығуы ықтимал. Ендеше мамандар айтып жүрген пікірлерді жинап, қатерлі ісіктің алғашқы белгілерін танып көрейік.
Бас пен ауыз ішіндегі белгілер. Адамның тұмау не суық тиіп, тамағы мен дауысы өзгерсе, қалыпты жағдай. Тамағы қырылдап қалса да қорқатын түгі жоқ. Бірақ тамағыңыз қараптан-қарап, жоқ жерден қырылдап қалса ше? Әрі қырыл кетпей ұзақ жүріп алса, күмәндануға негіз бар.
Қатерлі істіктің тағы бір белгісі – жөтел. Тұмау тиіп жөтелсеңіз бір сәрі. Бірақ еш себепсіз жөтел пайда болса әрі ұзақ басылмай жүріп алса, үрей туғызар жағдай.
Тағамды шайнау мен ас-суды ішу, жұту қиындаса да, жақсы нәрсе емес.
Қатерлі ісіктің ауыздан білінер тағы бір белгісі – жара. Жара ақшыл, қызылқай түстес болады. Әрі үш апта бойы жазылмай жүріп алса, сезіктенуге негіз бар.
Жоғарыда айтылған белгілері байқалса, дәрігерге қаралған абзал.
Кеуде тұс. Ер адам да, әйел адам да кеудесін үнемі тексертіп тұруы қажет. Кеуде тұстан пайда болған кез келген өзгеріс пен ауытқу – кеуде тұстан бірдеңе өсіп шықса, кеуде кішірейіп не домбығып ісіп кетсе, тері түсі өзгерсе – осының бәрі дәрігердің қарауынан өткені жақсы.
Жалпы физикалық жағдайыңызға да мән беріңіз. Аздап қимылдасаңыз болды, шаршап тынысыңыз тарылса, әлсіздік пайда болса, тексерістен өтіңіз.
Асқазанда қыжыл күшейсе әрі қайта-қайта ауырса – асқазан қатерлі ісігінің белгісі болуы мүмкін.
Тері. Адамның терісі регенерацияға бейім келеді. Яғни, тез жазылады, өзін жылдам қалыпқа келтіреді. Егер теріде қатерлі ісіктің белгілері пайда болса, онда жазылмай ұзақ жүріп алады.
Мәселен, теріде жоқ жерден мең мен қал пайда болса, әрі ол үлкейсе, түр-түсі өзгерсе, тезірек дәрігерге қаралып, себебін білген жөн.
Сондай-ақ дәретке де мән берген жөн. Дәрет сындыру мен шығару қиындаса, іш өту мен дәретке бару жиілесе, кез келген ауру үшін жақсы емес. Сондықтан мұны да есте ұстаңыз.
Қатерлі ісіктің басқа жалпы белгілеріне мыналар жатады:
- Түнде жиі терлеу;
- Аяқ асты арып-азу, салмақ тастау: ағзада қатерлі ісік пайда болып, ол үлкейіп кетсе, адам денесіндегі қоректік заттармен қоректенеді де, содан адамда ару процесі басталады;
- Тері беріш пайда болу: яғни, адамның кез келген жерінен "бір нәрсе шығып" сол беріш сияқты қатып қалады. Мәселен, асқазанда рак пайда болса, онда дәл соның үстінен денеден түйін не беріш шығады.
Сондай-ақ, қатерлі ісіктің алғашқы айқын белгілері жайлы білгіңіз келсе, Қатерлі ісіктің алғашқы белгілері қандай – онкологтың ескертуі сілтемесіне өтіңіз.