Қатерлі ісік (рак) – адамды білдірмей алатын ауру. Сол үшін "аты жаман ауру" деп кейде атын атамауды жөн көреміз. Егер қатерлі ісікті асқындырмай (3-ші және 4-ші кезеңіне жеткізбей) анықтаса, емдеу оңай болмақ. Құлан-таза жазылу мүмкіндігі жоғары. Бірақ оның алғашқы белгілерін қалай табамыз, неден күдіктенеміз – сол жағы күмәнді.
Алайда Ресейдің онколог дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Михаил Давыдовтың айтуынша, рактың алғашқы белгілерін анықтаудың бірнеше жолы бар. Ең бастысы – сол белгілерге мән беріп, дәрігерге барынша ерте қаралу.
"Қатерлі ісіктің белгілері басында анық болмайды. Оны басқа аурудың белгілерімен шатастырып алу оңай. Ісік үлкейіп, метастазға айналғанда ғана байқауымыз мүмкін. Десе де, рактың "алғашқы қоңырауын" естудің, сезіктенудің жалпы белгілері бар. Соған тоқаталайық", - дейді доктор.
Оның айтуынша, адам мынандай жағдайда дәрігерге тез қаралғаны жөн:
- Жөтел. Ұзақ жөтелсе. Адам бір айдан артық жөтелгені – жақсы емес. Жөтелдің себебі бронхит немесе тұмау, сол сынды маусымдық аурулар болса, түсінуге болады. Бірақ басқа себебі болмаса – онда күдіктенуге тура келеді.
- Дауыс тембрі өзгерсе. Дауыс қырылдап, қарлығып, кеуде тұстан қысылып шықса, кеуде жасушаларының лимфотүйіні бұзылғанының белгісі. Ал бұл көмей ісігінің белгісі болуы мүмкін. Сондай-ақ, ауыз қуысының маңында ісік, жара пайда болмаған ба – соны да қарау керек.
- Асқазанның ас қорытуы бұзылса. Адам үш күн бойы ас іше алмай, асқазан оны сіңдіре алмаса, сондай-ақ іш өту мен іш қату қатар жүрсе – бұл тоқ ішектің онкологиясынан хабар беруі мүмкін. Үлкен дәретте қанның (қызарған не қарайған) ізі болса шұғыл ауруханаға қаралған абзал. Дәрігерлер колоноскопия жасап, ішек құрылысын тексереді.
Дәрігердің айтуынша, 40-45 жастан асқан жандарға жылына бір рет колоноскопия жасатқаны жөн. Өйткені бұл – тоқ ішек ісігін анықтаудың жалғыз жолы.
- Дәрет сындыру жиілесе әрі қиындаса. Дәретте қанның ізі байқалса. Бұл – инфекциялық аурудың да, қуықасты қатерлі ісігінің де белгісі болуы мүмкін.
- Асқазан үнемі қышылдаса, қышқыл деңгейі көтеріліп кете берсе, тамақ жеу қиындаса – бұл белгілердің бәрі асқазан мен өңеш ісігіне қатысты.
- Арқа мен жамбас ауырса, іш кепсе, асқазан тамақ қорыта алмаса, жыныс мүше тұсында қышыма пайда болса, белгісіз сұйықтық бөлініп шықса – бұлар аналық жыныс безі мен жатыр ісігінің белгілері.
- Денеде жара, түйін, ісікке ұқсас томпақ бүршіктер пайда болса әрі ол ұзақ кетпей жүріп алса – бұл да рактың белгісі болуы ықтимал.
- Қал мен мең үлкейсе, денеге жарақат түсіп, ұзақ жазылмай жүрсе, ауыз қуысында ауырсыну көбейсе, тістің ақ-қызыл түстес дақтары пайда болса – онда да дәрігерге барған абзал. Сондай-ақ, дене қызуы көберілсе, бас қатты ауырса, түнде терлесе, түнде ыстығы көберілсе – бұлар да онкологияның түрлі белгілеріне жатады.