Халықаралық зерттеу тобы ұзақ жылға созылған тәжірибенің арасында 4 әдетті тұтынған адамның созылмалы ауру мен қатерлі аурудан аман болатынын анықтады.
Бұл әдеттердің, тым құрымағанда екеуін әдетке айналдырғандардың жасы 10 жылға ұзармақ.
Осы салада зерттеу жасаған Америка және Нидерланд ғалымдарының зерттеулерімен танысып көрелік.
Қосымша 14 жыл
АҚШ-тың Ұлттық зерттеу кеңесі мен Медицина институты 120 мыңнан аса адамды бақылау арқылы ішімдік ішпейтін, темекі тартпайтын және артық салмағы жоқ адамның құрдасына қарағанда 14 жыл көбірек өмір сүретінін анықтады.
Зерттеу тобы кәсіби медиктердің 30 жыл жүргізген сауалнамасын жинап, 30-75 жастағы 78 мың әйел мен 45 мың ер адамды зерттеу нысанына алған. Оның 42 мыңы – қазір қайтыс боп кеткендер. Ал 70 жасқа дейін жеткендердің темекі тартпайтыны, арақ ішпейтіні белгілі. Сондай-ақ артық салмағы да болмаған. Олардың арасында жүрек ауруымен, қатерлі ісікпен ауырғандары аз.
10 жыл аман-сау
Ал Нидерланд ғалымдары темекі шегу, арақ ішу мен көп тамақ жеу сынды жаман әдеттен бас тартқандардың жүрек ауруы мен қатерлі ісікпен, диабетпен көп ауырмайтынын әрі ұзағырақ өмір сүретінін анықтаған.
Салауатты өмір салтын ұстанған әйелдердің орта жасы 84-ке дейін, ал ерлердікі 81 жасқа дейін жеткен. Жоғары аталған жаман әдеттерге үйір болғандардың жасы 73-пен тоқтаған. Оның өзінде, қарттығын аурумен өткізген.
Ұзақ өмір сүрудің сыры
Халықаралық зерттеу тобының пайымдауынша, темекі, арақтан бас тартқан, артық салмағы жоқтардың, спортпен шұғылданатындардың жасы ұзақ болатынын айтады. 70 жасқа жеткенше ауырмайды, диабет, рак және жүрек ауруларынан ада болады.
Еуропалық зерттеушілер 116 мың адамды зерттегенде, 17 мыңының созылмалы ауруларға шалдыққанын байқаған. Мұндай ауыр ауруға шалдыққандарға тән жаман әдеттер келесідей: темекі шегу, арақ ішу, артық салмақ жинау, спортпен шұғылданбау.