Картопты бәріміз жейтініміз белгілі. Күнде жейтін көкөністің бірі десек те болады. Тіпті, фаст-фуд тағамдардың мәзірінде картоп жүреді. Картопты пісіріп жеудің жолы көп-ақ. Біреуі қуырса, біреуі пісіріп жейді. Тағы біреуі буға пісіреді, бірі майға булайды. Әйтеуір жолы көп.
Бірақ осылардың ішінде қайсы дұрыс? Картопты қалай дайындап жесек, пайдалырақ болмақ? Соны қарастырып көрейік.
Картоптың пайдасы
Картоп – калориясы аз азық. Тағамдық құндылығы небары 110 килокалорий. Картоптың өн-бойында фитонутриент қоспалар мен органикалық заттар көп. Әсіресе, флавоноид пен картоноид сынды антиоксиданттар (қатерлі ісіктің алдын алуға көмектеседі) мол болады. Олар ағзадағы қабыну белгілерін басуға көмектеседі.
Картоп құрамында С дәруменін де антиоксидант қатарына жатқызуға болады. Антиоксидант дегеніміз – ағза жасушасын өзгерістен қорғап қалатын, қабынудың алдын алатын биологиялық заттар. Антиоксидант ағзаны қатерлі ісіктен қорғайды. Әрі ас қорытуды жақсартады, жүрек пен қан қысымын реттейді.
Ең қызығы сол – картоптың қабығында хлорогенді және галла қышқылы сынды мықты антиоксиданттар болады.
Картопта калий, магний, фосфор, кальций мен мырыш сынды минералды заттар бар.
Картопты қайтіп пісірген дұрыс?
Мамандардың айтуынша, картопты қуырып емес, ең дұрысы – қайнатып не асып жеген жөн. Оның үстіне, қабығымен асып жесеңіз, тіпті пайдалы болмақ. Қысқа толқынды пешке салып буға пісіріп жесеңіз де құба-құп.
Сонда қабығындағы бүкіл антиоксидант пен дәрумендер, қоректік заттар сол күйі сақталады.
Содан кейін айта кетерлік тағы бір нәрсе – картопты қайнатып пісірген соң, суытып жесеңіз, бұл да пайдалы ас болмақ. Өйткені суыған картоптың құрамында тұрақты жасұнық түзіледі де, ондай жасұнық асқазанға жеңіл түспек. Ондай картоптың калориясы аз, қоректік заты мол болады.