- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қара зере майының...
Қара зере майының пайдасы мен зияны
Қара зере майы (тмин) денсаулықты жақсарту мен ем-домға қолданылып келе жатқанына сандаған ғасыр болды. Көне дәуірден бастау алған шипалы шөп майының қандай зияны мен пайдасы бар?
Қара зеренің отаны
Қара зеренің отаны – Жерорта теңізі мен Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан елдер. Мұны араб және үнді халықтары "үнді тмині", "кумин", "рим кориадры", "зира", "джира", "шабрей", "кмин", "калинджи", "сейдана" деп те атайды.
Қазір Эфиопия мен Сауд Арабиясында, Мысыр мен АҚШ, Үндістанда, Орта Азияда, Қап тауының солтүстігінде өсіріледі. Тағамға дәмдеуіш дайындау үшін өсіреді көбіне.
Қара зеренің емдік қасиеті сонау көне Мысыр дәуірінен белгілі. Өйткені аршылған мысыр перғауындарының бірінің қабірінен мумия жанында жатқан май құйылған бөтелке табылған. Сараптама кезінде мұның қара зеренің майы екені белгілі болды. Бірақ ежелгі мысыр халқы қара зеренің қалай қолданғаны белгісіз, бірақ қабірге салғанына қарағанда қасиетті санағаны байқалады.
Кейбір көне жазбаларда қара зере "перғауын алтыны" деп дәріптелген, ал араб тілінен аударғанда зере "бата беруші дән" деген мағынаны білдіреді.
Қара зеренің пайдасы
Зеренің құрамында А, Е және С витаминдері мол, пайдалы минералдар көп және эфир майымен байытылған. Көне заман емшілері зерені иммунитет көтеруші, асқазан жұмысын жақсартушы, денедегі зиян қалдықтан арылтушы дәрілік шөп ретінде қолданған. Сондай-ақ қандағы холестеринді азайтып, зат алмасу процесін жақсартуға қауқарлы.
Қара зеренің құрамындағы тимохиноннің антиоксиданттық қасиеті бар, яғни, ағзаның жалпы жұмыс жасауын, жүйке жүйесін жақсартып, бұлшықеттің физиологиялық күш-қуатын арттырады.
Зияны қандай?
Қара зере майы да басқа дәрілік өсімдіктер сынды дұрыс қолданбаса зиян келтіруі мүмкін. Мәселен, оны аш қарынға ішуге болмайды. Сондай-ақ екіқабат әйелдерге аздан қолданған жөн. Өйткені жатыр бұлшықеті жиырылып, жүктілікке зиян келтіруі ықтимал. Сондай-ақ кей адамның қара зере майына аллергиясы болуы мүмкін.
Медицинада қолданылуы
Қара зере медицинада бауыр, өт, бүйрек жұмысын жақсартуға, өт айдауға қолданылады. Сондай-ақ жоғары айтылғандай, зеренің антиоксиданттық қасиеті бар, яғни, ағзада қатерлі ісікті тудыратын жасушыларды, радикал бөлшектерді "өлтіреді".
Сондай-ақ, қара зеренің вирусқа, қабынуға, түрлі бактерияларға қарсы және іштегі құрттарды түсіретін, зәр айдайтын қасиеттері де бар.
Халық медицинасы
Халық медицинасында қара зеренің дәнінен шай қайнатып, іш кебу, іш өту мен өт шаншу сияқты ауруларды жазу үшін ішеді. Босанған әйелдерге де осы шайды ішуге болады. Бұл ана сүтін көбейтеді.
Қара зерені қолданудың тағы бір жолы – балмен араластырып ішу. Ол үшін қара зеренің дәнін 1 ас қасықпен алып 1 стақан суға қайнатады. Сосын қайнаған суға балды қосып, ас ішкенге дейін 10-15 минут бұрын ішеді. Қара зерені бұлай ішу иммунитетті көтереді.
Сондай-ақ, асқа дәмдеуіш ретінде қосып жеген де дұрыс. Ересек адам бір күнде 3 грамм, 3-15 жастағы балалар 2 грамм дәмдеуіш жегені жөн.
Зерені сақтау
Қара зеренің иісі қышқылтым келеді. Ал дұрыс сақталмаған зеренің мұндай иісі жоғалып кетеді. Сондықтан оны дұрыс жерде сақтау маңызды.
Оны үйде, бөлме температурасында күн түспейтін жерде сақтаған жөн. Герметикалық ыдысқа салып қоюға да болады. Бұлай тұрған қара зере 2 жыл сақталады.
Қ. Слямбек