Қара бұрыш елімізде көп тараған, әрбір үйде бар дәмдеуіш. Асқа сеуіп жегенді де ұнататын халықпыз.
Ендеше қара бұрыштың қандай пайдасы мен зияны бар екен, соны қарастырып көрейік.
Қазіргі медицинаның мәліметінше, қара бұрыштың құрамында пиперин сынды пайдалы алкалоид бар, мұның антиоксиданттық қасиеті бар көрінеді. Яғни, қатерлі ісіктің пайда болуын ерте тоқтатын қасиет. Қара бұрышқа ащы дәм беретін де осы – пиперин.
Ағзадағы радикал заттарды жояды. Дұрыс тамақтанбау, күн астында көп жүру, ішімдік ішіп, темекі шегу сынды зиянды әрекеттердің себебінен адам ағзасында радикал заттар көбейіп кетеді. Ал радикал шектен тыс көбейіп кетсе, ағзаның ауру мен қабынуға қарсы тұрарлық қабілеті нашарлайды. Қатерлі ісік, артрит, астма, диабет сынды аурулар пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ ағзада қартаю ерте басталуы ықтимал.
Ал қара бұрыштың құрамындағы пиперин ағзада көбейіп кеткен радикал заттардың көзін жойып, сыртқа шығарып тастауға көмектеседі. Пипериннің мұндай қасиетін ғалымдар зертханада жануар мен жасушаға жасаған зерттеулерден байқаған. Егеуқұйрықтарды екіге бөліп, біріне қара бұрыш қосылған майлы тағам берсе, екіншісіне жай майлы тағам берген. Сонда жай майлы тағам жеген егеуқұйрықтардың ағзасында бірінші топтағы кеміргіштерге қарағанда радикалдар көп болып шыққан.
Қабынуды басады. Пипериннің тағы бір қасиеті – қабынуды басатын көрінеді. Әсіресе, артрит ауруын басуға көмектеседі. Мұны да ғалымдар егеуқұйрыққа тәжірибе жасап анықтаған.
Пайдалы заттардың сіңуіне көмектеседі. Қара бұрыш ағзаға кейбір заттардың жақсы сіңуіне көмектеседі. Мәселен, ресвератрол антиокидантын сіңіруге, куркуманың құрамындағы куркуминнің сіңуіне, жеміс-жидектегі бета-каротин мен А дәруменінің адам ағзасына сіңуіне жақсы әсер етеді.
Созылмалы аурулардың алдын алады. Жоғарыда айтқан ресвератрол антиокиданты жүрек аурулары, Альцгеймер мен диабет ауруларының алдын алуға көмектеседі екен.
Қатерлі ісікті басады. Қара бұрыштың қатерлі ісікке қарсы тұрарлық қасиеті бар. Зерттеулер көрсеткендей, пиперин омырау мен тоқ ішек, қуықасты безі ісігін тоқтатуға әсер етеді, ары қарай тарамауына көмектеседі екен. Сондай-ақ химиотерапия мен препараттардың ағзаға тигізер зиянын азайтуға көмегі бар көрінеді.
Қара бұрышты орнымен жеген жөн. Ғалымдардың айтуынша, қара бұрыштың пайдасы көп болғанымен, оның көбі жануарларға жасалған тәжірибенің негізінде дәлелденген. Сондықтан біршама сынмен қарауға негіз бар. Сол себепті қара бұрышты пайдалы екен деп көп жеудің қажеті жоқ, орнымен, аз-аздап жеген жөн. Оның еш зияны жоқ.