Көп қыздар арықтау мақсатында рационындағы қантты қант алмастырғыштармен ауыстырып жүр. Сіз де осындай арулардың қатарынан болсаңыз, мына деректерді біліп жүргеніңіз жөн.
Қазірде дүкендерде қантты алмастырып, тамақ пен сусындарға тәтті дәм беретін талай препараттар, биоқосындылар бар. Олардың тегі табиғи не жасанды бола алады. Бұл қант алмастырғыштары әу баста дәрі ретінде дәріханаларда ғана сатылып, қант диабетіне шалдыққан адамдарға арналған болатын. Дәрігерлер диабетпен ауыратын адамдарға табиғи қант пен осындай дәрілік қантты қатарлап қолдануға кеңес береді. Бірақ диетаға отырған арулар үшін бұндай қант дәрісі жақсы шешім емес. Көп жағдайда олардың калориясы қарапайым қантпен бірдей, ал зардабы одан да көп болуы мүмкін.
Light белгісі бар сусындар (coca cola, pepsi) ішіп, "қанты жоқ" сағыздар шайнап сіз өзіңіздің келбетіңізге керісінше зиян тигізесіз.
Табиғи қант алмастырғыш
Табиғи қант алмастырғыштарына фруктоза, сорбит, ксилит жатады. Олардың энергетикалық құндылығы қанттан 1,5-2 есе кем.
Фруктоза жеміс-жидектерден, балдан алынады, ол қанттан екі есе тәтті келеді. Фруктозаның ағзаға келтіретін еш қатері жоқ, алайда диета үшін ол тым калориялы.
Ксилит пен сорбит те табиғи тәттілер болып келеді. Біріншісін шетен жидегінен жасаса, екіншісін жүгері мен мақта өзектерінен дайындайды. Көп көлемде қабылдағанда олар диарея, асқазанның қабынуы мен холециститтің дамуына әкеле алады. Арықтаймын деп ниеттенгендерге бұл табиғи қант түрлері келмейді. Бұл жағдайда да мәселе жоғары калориялықта.
Жасанды қант алмастырғыш заттар
Қант алмастыру мақсатында жасанды, синтезделген препараттарды қолдануға болады. Сахарин, цикламат, аспартам мен сукралоза солардың ішіндегі ең танымал түрлері. Бірақ арықтауға ниеттенгенде тағамның калориялығын кеміту мақсатында бұл препараттарды қабылдаған дұрыс емес.
Мәселе бұл заттарды ағзаның толықтай қабылдай алмауында. Сондай-ақ сахарин қарапайым қанттан 300 есе тәтті бола тұрып, қатерлі ісік пен өт ауруларына әкеле алады. Оны қолдануға АҚШ, Канада мен ЕуроОдақ елдерінде тыйым салынған. Дәріні жүкті әйелдерге мүлдем қабылдауға болмайды.
Цикламат атты қант алмастырғышы осыдан 70 жыл бұрын ойлап табылған. Ол қанттан 40 есе тәтті. Балалар мен жүкті әйелдерге қабылдауға тыйым салынған. Бұл "дәрі" бүйрекке зиян. 1969 жылдан бастап оны АҚШ, Франция, Ұлыбритания елдерінде сатуға тыйым салынған.
Аспартам препараты қанттан 150 есе тәтті. Оны бөлек емес, цикламат не сахаринмен бірге қолданады. Қазірде ол 6000 шамасында азық-түлік өнімдерінде қолданылады. Көп мамандар бұл қант алмастырғышын денсаулыққа зиян деп есептейді. Ол эпилепсия, шаршағандық, диабет, ойлау қабілетінің төмендеуі, ми ісігі және басқа да ауруларға әкеле алады. Әрине оны балалар мен жүкті әйелдерге қабылдауға мүлдем болмайды. Бұл препаратты шамадан тыс қабылдап қойған жағдайда ол ес жоғалту, жатыр аурулары, салмақтың күрт қосылуына әкеле алады.
Ацесульфам қанттан 200 есе тәтті. Ол қазіргі балмұздақ, дайын кофе, газдалған сусындарда жиі кездеседі. Суда ериді, құрамында метил спирті бар. Сондықтан ол жүрек-тамыр, жүйке жүйелеріне кері әсер ете алады. АҚШ-та бұл дәріні қабылдауға тыйым салынған.
Қант алмастырғыштар арықтауға көмектесе ме?
Ғалымдардың зерттеулер нәтижелері бойынша, қант алмастырғыштар кері әсер беріп, арықтауға ниеттенген адамға артық салмақ қосып бере алады. Қант алмастырғышын қабылдайтын адамның ағзасы басқа тағам түрлерінен калорияны көбірек алуға тырысады. Осылайша ағзада метаболизм баяулап, артық салмақ жинайсыз.
Ендеше қанттың орнына не қабылдауға болады?
Қазірде жаңа технологиялар көмегімен жаңа қант алмастырғыш түрлері ойлап шығарылды. Ғалымдардың айтуынша, олар ескілерге қарағанда зиян емес.
Стевиозид атты препаратты стевия немесе бал шөбінен алады. Дәмі бойынша ол қанттан жүздеген есе тәтті.
Цитрусты жемістердің қабығынан алынатын тәтті зат цитроза қанттан 1800-2000 есе тәтті, әрі денсаулық үшін еш қауіптігі жоқ.
Табиғи ақуыздар негізінде жасалынған қант алмастырғышы монелиннің өндірісі өте қымбат, есесіне денсаулық үшін еш қатері жоқ.
Егер сіз де диетаға отырғалы жүрсеңіз, диетолог маманмен қант алмастырғыш жайлы кеңескеніңіз дұрыс. Диетикалық тағамдардың сыртында жазылғанын мұқият қарап, қауіпті қант алмастырғыштары бар тағамдарды жемеңіз.
Бір-екі артық килограмм үшін денсаулығыңыздан айырылмаңыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: jivoepitanie.ru