- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қандай өнімдер бүйректе...
Қандай өнімдер бүйректе тас түзілуіне алып келеді?
Бүйректердегі тастар — минералдар мен тұздардан тұратын қатты масса. Олар бүйректердің ішінде түзіледі. Оны емдемесе, ол несеп шығару проблемаларына және бүйректердің зақымдалуына әкелуі мүмкін. Оның пайда болуына үйлесімсіз диета, сұйықтықты аз ішу, артық салмақ, нақты дәрілік препараттар мен қосымшалар ішу және кей аурулар секілді түрлі факторлар әсер етеді. Бірақ салауатты өмір салтын сақтау, соның ішінде, кей өнімдерді шектеу немесе олардан бас тарту арқылы оның алдын алуға болады.
Жануар ақуызы
Рационда ақуыздың жеткілікті мөлшері болуы керек. Алайда, сиыр, тауық, балық, жұмыртқа секілді жануар ақуыздарын өте көп жеу ағзада өндірілетін несеп қышқылы мөлшерін көбейтіп жіберуі мүмкін. Рационыңызға өсімдік ақуыздарын да қосыңыз. Оларға бұршақтылар және соя өнімдері жатады. Мөлшерді сақтау бүйректерде тастар түзілу қаупін төмендетуге көмектеседі.
Құрамында натрий мөлшері көп өнімдер
Тұз құрамына кіретін натрийді көп жеу несептегі кальций мөлшерін көбейтеді, солайша, кальций оксалаты және кальций фосфаты тастарының түзілу қаупін арттырады. Фаст-фуд, консервіленген өнімдер, дайын ет өнімдерін жеуді азайтыңыз. Сондай-ақ құрамында натрийі көп дәмдеуіштерден бас тартыңыз. Оларды шөптермен және басқа зиянсыз дәмдеуіштермен алмастырыңыз.
Қант
Қант бүйректерде тас түзілу мүмкіншілігін арттырып қана қоймай, сондай-ақ жүрек-қан тамырлар және басқа да қауіпті аурулардың пайда болу қаупін арттыруы мүмкін. Тәтті сусындар несептегі кальций деңгейін көтеріп, несеп көлемін азайтып жібере алады. Сондықтан олар тәттілер арасындағы ең қауіпті өнімге жатады. Себебі олар ағзаға білдіртпей әсер етеді.
Құрамында оксалаттары көп өнімдер
Егер бұрын сізде кальций оксалаты тастары анықталған болса, құрамында оксалаттары көп өнімдерді тұтынуды шектеу арқылы өзіңізге көмектесе аласыз. Мұндай өнімдерге асжапырақ, қызылша, жаңғақтар (әсіресе, бадам мен кешью), жаңғақты өнімдер (паста, халуа, кәмпиттер), бидай ұнының кебегі және т.б жатады.
Алкоголь
Алкоголь сусыздануды шақыра алады, сол үшін де бүйректерде тастар түзілу қаупін артырады. Алкоголь пуриндер өңделуін көбейтеді, ал ол қандағы және зәрдегі несеп қышқылы деңгейінің артуына әкеледі. Несеп қышқылының көп болуы бүйректерде несеп тастарының түзілуіне әкелуі мүмкін. Сондай-ақ алкоголь денені бос калориялармен қамтамасыз етеді. Олар салмақтың артуына ықпал етеді. Семіздік те — бүйректерде тастардың түзілу қаупін арттыратын факторлардың бірі. Бүйректерде тас түзілуінің алдын алу үшін, зат алмасуды және жалпы денсаулықты жақсарту үшін жеткілікті мөлшерде су ішу керек.
А. Жапатова