Ауру жұқтырған адам есік тұтқасын ұстаған кезде вирус жабысып, тұтқаны келесі ұстаған адамның алақанына мезетте жұғады. Коронавирус өміршең келеді, ол мыс бетінде – 4 сағат, картон бетінде – 24 сағат, пластмасса және темірдің бетінде – үш тәулік бойы тіршілік ете алады.
Сондықтан алғашында алақанға жабысқан коронавирус адамның қолымен көз, ауыз және мұрынды ұстаған кезде ағзаға енеді. Тыныс алу жолдары арқылы өкпенің тініне қармауыштарының көмегімен жайылады. Қармауыштары – ерекше кілттердің міндетін атқарады. Ал оларға адам ағзасында құлыптар бар.
Ол құлып – өкпенің тінінде ACE2-рецепторлары деп аталатын ақуыздар. Құлыпты ашқан коронавирус жасуша ішіне еніп, адамның геніне өзіне ұқсас коронавирустарды шығаруға нұсқаулық етеді.
*Вирус паразит және өз бетінше тіршілік жасай алмайтынын ескерте кеткен жөн.
Коронавируста адам ағзасына ауа өтетін жолдар арқылы кіреді де, өкпенің төменгі жақ бөлігіне жайылып, онда орналасқан жасушаны үлкен мөлшердегі коронавирус өңдейтін "фабрикаға" айналдырады.
Мұның барлығы соңында жасушалардың тез тозуына, тіпті өліміне алып келеді. Осылайша өкпе тіні коронавирус инфекциясының жайылуына себепші болады.
Өкпенің өлі жасушасы ауа өтетін жолға жинала бастағанда ағза олардан жөтелу арқылы құтылуға талпынады. Науқас адам жөтелгенде көп мөлшерде коронавирустарды қамтитын өлі жасушаларды таратады.
Бір қызығы, науқас адам өзін жақсы сезіну үшін жөтеледі, бірақ бұл жөтелмен бірге шыққан вирустар әрі қарай өсіп-өніп, басқа адамдарға жұғады. Сонда бұл жерде науқас еріксіз түрде себепші болып отыр.
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры