Қазіргі асыққан заманда шайнек қайнатып, шайды жақсылап демдейтін уақыт табылмай қалады. Суды қайнатудың өзін электрге міндеттедік. Оның зияны туралы кейінірек. Бүгін тез демделетін қалта шайының зияны туралы сөз қозғайық.
Шайды қалташаларға орауды кім ойлап тапты? Бұл жайлы бірнеше пікір бар. Кейбір жазбаларда 780 жылы қытайлық Лук Лудың шайды жұқа қағазға орап дайындағаны жазылған. Басқалары шай қалташалары соғыс кезінде, шай және кофе мамандары кездейсоқ пайда болды деп жатады. Шай қалташалары тек 1952 жылы Липтон компаниясымен патенттелді.
Қалташадағы шай ұнтағы сапасыз, нашар шай түрлерінен жасалады, тіпті денсаулыққа зиян, қатты ұнтақталған шайдың арасында тозаң, кір болуы мүмкін деген пікір қаншалықты дұрыс?
Шын мәнінде қалташадағы шай қатты ұнтақталған болуы керек, себебі шайдың жапырақтары қалташада мүлдем түс пен дәм бермейді. Керісінше, қатты ұнтақталғандықтан, мұндай шай тезірек қызарып, дәм береді. Зерттеулер көрсеткендей, қалташадағы шайда кофеин, танин, басқа да биологиялық белсенді заттардың мөлшері қарапайым шайдан аз емес. Мамандардың айтуынша, қалташа шайы қарапайым шайдан кем емес. Бірақ бұл тек жоғары сапалы, қымбат шай қалташа түрлері жайлы айтылған. Жақсы қалташа шайының бағасы қарапайым шайдан әлдеқайда жоғары болады. Бұл қалташаға орауға кеткен қаражатқа байланысты.
Ал арзан, сапасыз түрлері шай қалдықтары, бояғыш заттар, дәмдеуіштерге толы болады. Сондай-ақ құрамында химиялық қоспалар тым көп шай қалташаларында фторид шамасы жоғары. Бұл химиялық тұздардың көп мөлшері ағзаға өте қауіпті.
Әрине, қалташадағы шай тек пайдалы не тек зиян деп айтуға болмайды. Бұл оның түріне, сапсына, құрамына байланысты болады. Мысалға жақсы шай түрлері арнайы технологиялар арқасында өзіне шайдың жақсы қасиеттерін сақтап қалады.
Шайдың сапасын тексеру үшін оны суық суға малып көріңіз. Су тез қызылға боялса, демек сіздегі шай боялған. Оның сапасы нашар, дәмі де ойдағыдай емес.
Қалташадағы шайды ішу-ішпеу сұрағына жауап іздегенде алтын орталықты ұстанған жөн. Жұмыста, жолда қалташа шайын ішуге әбден болады, алайда оның жақсы, сапалы түрлерін таңдаңыз. Ал үйде қалташадағы шайға жоқ деп айтыңыз да, асықпай шай дәмдеуге ерінбеңіз.