Атақты әншілер тыңдармандарын таңғалдыруды біледі. Жақында өткен Супербоул-2023 музыкалық шоуында 34 жастағы Рианнаның жүкті екені белгілі болды. Қазір Рианнаның тұңғыш баласына 9 ай болды. Әншінің нақты жүктілік мерзімі белгісіз, бірақ бала туу арасындағы үзіліс 1 жылдан сәл асады деп болжауға болады. Мұндай жағдайды көпшілік әйелден кездестіруге болады. Әр босану арасындағы үзілістің аз болуы әйел мен бала денсаулығына қауіпсіз бе? Және қалыпқа келу үшін әйел ағзасына қанша уақыт керек? Бұл сұрақтарға гинеколог Сюзанна Григорян Parents.ru сайтына жауап берді.
"Бұл сұраққа жауап беру үшін әйелдің оның алдында табиғи жолмен әлде кесар тілігін жасау арқылы босанғанын білуіміз керек. Бірінші жағдайда үзіліс тіпті бір жылдан аз болуы мүмкін. Бірақ, әрине, жүктілікті бір жылдан аз уақытта жоспарламаған дұрыс. Баланың дүниеге келуі - әр әйел өміріндегі керемет процесс, десе де, ол сондай-ақ ағзаға үлкен күш түсіреді. Сол үшін оған қалыпқа келу үшін және келесі босануға дайындалу үшін мүмкіндік пен уақыт беру керек. Мысалы, жүктілік кезінде жоғалтқан дәрумендер мен микроэлементтердің орнын толықтыру керек. Сол себепті үзілістің 12 айдан аз болмағаны маңызды.
Ал кесар тілігінен кейін үзіліс ұзақ болуы керек: бір жарым жылдан үш жылға дейін. Бұл кезде әйелдің отадан кейінгі тыртығына қараймыз. Егер тігіс жылдам және жақсы жазылған болса, онда жүктілікті бұл уақыттан ерте жоспарлауға рұқсат берілуі мүмкін. Кейде жағдай керісінше болады. Сондықтан кесар тілігімен босанған болсаңыз, келесі жүктілікті жоспарламас бұрын гинекологқа көріну керек", - деді гинеколог.
Дәрігер егер әйел босанғаннан кейін көп ұзамай көтеріп қалса, бұл жүктілікті тоқтатуға көрсеткіш емес екенін ескертті.
"Әйел босанғаннан кейін аз уақыттан соң тағы бала көтеріп қойса, қорқатындай ештеңе болмайды: әйел сау баланы дүниеге әкеле алады. Құрсақтағы сәби өзіне қажеттіні бәрібір анасынан алады. Сондықтан жүктілік жоспарланбаған болса, босанғаннан кейін көп уақыт өтпей, көтеріп қойсаңыз, бұл жүктілікті тоқтатуға көрсеткіш болып саналмайды. Әрине, әйел ағзасы шаршайды, ол шаш, тырнақ, тіс саулығына әсер етуі мүмкін. Ағза өз күшін қалыпқа келтіру үшін босану арасында үзіліс болғаны жақсы және жүктілікті жоспарлаған дұрыс, - деп қорытындылады Сюзанна Григорян.