Ньюкаслдегі Британ университеті ғалымдарының сөздеріне сенсек, адамның жүйкесіне тиетін ең жағымсыз дыбыс - пышақты не қайшыны бөтелкенің шынысына қышырлату.
Бұл көпшілік арасында жүргізілген сауалнама негізінде белгілі болды. Біздің жүйкеміз жақтыра бермейтін тағы бір дыбыс - шанышқымен әйнекті қыршу. Сонымен қатар, көбі бір ауызбен осындай дыбыстардың арасына "тақтаға бормен жазуды" да қоса кетеді.
Бормен жазу былай тұрсын, тақтаны тырнақпен тырнау кезіндегі дыбыс ше?
Зерттеудің қорытындысы британдық The Telegraph басылымында жарияланған. Зерттеудің негізінде осы университеттің ғалымдары жүйкеге кереғар дыбыстарды анықтау үшін адамдар арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесінде адамдар ағынан жарылып, өздеріне ұнамайтын дыбыстарды тізіп берген. Зерттеу қорытындысы бойынша, адамға жақпайтын 74 түрлі дыбыс анықталған.
Адамдардың қандай дыбыстарды жақтырмайтынын анықтау үшін олардың құлақтарына арнайы тетік бекітіп қойған.
Ғалымдар осы арқылы мимен тікелей байланысқа шығып отырған. Арнайы құрылғы арқылы мида бадамша бездің активтенуін қадағалап, сол дыбысқа жауап қайтарған адамның эмоциясын бақылауда ұстаған.