Біз ағзамызға пайдалы әрі дәруменге бай тағамдар жайында әңгіме қозғағанда тек жемістер мен сүт тағамдарын айта бастаймыз. Ал жаңғақ түрлерінің пайдасы жайлы көп біле бермейміз. Жаңғақтар жүрекке аса пайдалы. Басқа азықтарға қарағанда жаңғақтар жақсы сақталады, әрі бойындағы пайдалы дәрумендерін жоғалтпайды. Сонымен бүгін біз жүрекке пайдалы жаңғақ түрлері жайында сөз етпекпіз. Жержаңғақ (арахис) Жержаңғақ - ең құнарлы тағамға жатады. Ол ақуызға өте бай жаңғақтардың бірі. Сонымен бірге бұл жаңғақтың құрамында фолий қышқылы мен амин қышқылдары және А, Е, Д, В2, РР дәрумендері бар. Жержаңғақты жеген адамның жүрегі жақсы жұмыс істеп, бүйрегі мен жүйке жүйесіне де жағымды әсер етеді. Оның ең пайдалы тұсы - xолестеринді азайтып, ұйқысыздыққа шалдықтырмайды. Мұнымен қоса жүрек-қантамыр ауруларының алдын алады. Бадам (миндаль) Бадам жаңғағы С және Е дәрумендерінің қайнар көзі. Сонымен қатар темір, ақуыз, мырыш, магний, фосфор және кальцийге бай. Бұл жаңғақ түрі де қандағы xолестерин деңгейін төмендетіп, артериялы қан қысымын қалыпқа келтіреді. Бадам жаңғағын демікпемен және жөтелмен ауырғанда көбірек жеген дұрыс. Қыжыл мен дененің ісінуі кезінде де бұл табиғи өнімнің пайдасы мол. Ал ащы бадам әйелдер ауруына ем боларлық бірден-бір азық. Орман жаңғағы (фундук) Орман жаңғағында ақуыз бен С, Е, В1 және В2 дәрумендері көптеп кездеседі. Сонымен бірге бұл жаңғақ калий, кальций, фосфор, темір, мырыш, натрий және кобальт сынды микроэлементтерге өте бай. Орман жаңғағында аминқышқылдары да бар. Мұндай жаңғақ түрін семіздікке, сусамырға, қан қысымының артуына қарсы жеген жөн. Орман жаңғағын балмен қосып жесе жүрек-қантамыр ауруларына таптырмас ем бола алады. Сонымен қатар бұл жаңғақ зат алмасуды реттеп, шаршауды басады. Самырсын жаңғағы (кедровые ореxи) Самырсын жаңғағы басқа жаңғақтарға қарағанда майлы қышқылдар мен Е және В дәрумендерімен толыққан. Орнын басқа ештеңе баса алмайтын ақуыз бен минералды заттар бұл жаңғақтың да құрамынан табылады. Олар қаназдық пен асқазан ауырғанда өте пайдалы. Ал артериялы қан қысымы жоғары жандарға бұл жаңғақтың берер пайдасы мол. Грек жаңғағы Жаңғақтардың ішіндегі ең пайдалысы осы грек жаңғағы болып есептеледі. Онда В1, В2, Е, РР және А дәрумендері бар. Бұл жаңғақтың құрамында да микро-макроэлементтер жетерлік. Грек жаңғағын көбіне ұйқысыздық кезінде, тері қабынуында, қан қысымының артуында, қаназдықта, жүрек-қантамыр ауруларымен ауырғанда жеуге болады. Сонымен қатар грек жаңғағы бүйрекке өте пайдалы. Иммунитетті де көтереді.